Орталық Азияны кім бақыласа, ол бүкіл әлемді бақылайды - шетелдік сарапшы
Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» форумында Пәкістанның Исламабад саяси зерттеулер институтының зерттеу бөлімінің директоры Раашид Вали Джанджуа айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен Орталық Азияны кім бақыласа, ол бүкіл әлемді бақылайды деп айта аламын. Өйткені Азия әлемнің маңызды бөліктерінің бірі. Қазіргі кезеңдегі ең басты қауіп-қатер - ол өзара байланыстың болмауы. Ал бұған не кедергі? Ол әртүрлі жанжалдар. Оның себебі неде? Ол - жаһандық бәсекелестік. Мысалы, әлем елдері өздерінің мүдделерін және құндылықтарын бөліскен кезде әлемде жаһандық құзыреттілікті дамытады. Мұның барлығы экономикалық әлеуетімізге әсер етіп жатыр, - деді шетелдік сарапшы.
Оның айтуынша, жаһандық қақтығыстар экономикалық дамуға өзінің кедергісін тигізеді. Сондықтан бір-бірімізбен ынтымақтасу мәселесі, өзара байланысты дамыту маңызды.
Бізде ынтымақтастықтың орнына бәсекелестік деген парадигма бар екенін көріп отырмыз. Біз экономика мәселесіне назар аударуымыз керек. Егер белгілі бір шектеулер болса, олар елдің экономикалық дамуына нұқсан келтіретіні сөзсіз. Сол себепті әртүрлі әдістер мен құралдар бар. Олар белгілі бір бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адамзаттың ортақ проблемалары - бұл азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі және т.б. Олардың барлығы бір-бірімен байланысты, - деп атап өтті Исламабад саяси зерттеулер институтының зерттеу бөлімінің директоры форумда.
13 шілде күні елордада «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы басталған болатын. Бүгін форумның қорытынды күні.