Орталық Азиядағы көлік байланысын нығайту туралы келісімге қол қойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға іс-сапары аясында көлік министрі Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуі шеңберінде Марат Қарабаев пен басқа мемлекеттерден келген көлік саласына жауапты ведомстволарының басшылары ОА-да жер үсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы көпжақты келісімге қол қойды.

Келісім Орталық Азия өңірінде жер үсті көлігімен халықаралық тасымалдарды дамыту үшін одан әрі қолайлы жағдай жасау және көлік қызметтері нарығында бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуді көздейді.

Келісімге қол қою рәсімінің қорытындысы бойынша оны ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Сондай-ақ Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуі шеңберінде көлік министрлерінің бірінші отырысы, «ЭКСПО Орталық Азия 2023» көрмесі және екіжақты кездесулер өтті.

Министрлердің отырысы барысында тұрақты көлік қатынасы мәселелері талқыланып, өңірдегі мемлекеттер мен басқа елдер арасындағы сауда байланыстарын нығайту мақсатында Орталық Азиядағы көлік және логистикалық қызметтерді, сонымен бірге өндірістік қуаттарды дамытуға ықпал ететін Душанбе коммюникесіне қол қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көлік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы