Орталық Азиядағы инвестиция: Кім көш бастап тұр және неге?

Орталық Азия елдері арасындағы өзара инвестиция көлемі алғаш рет 1 млрд доллардан асты. Бұл өсімнің негізгі бөлігі Қазақстанның жобалары есебінен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еуразиялық даму банкінің “Еуразиялық өңірдегі инвестициялық ынтымақтастық” атты аналитикалық баяндамасында Орталық Азиядағы инвестициялық серпіннің басты қозғаушысы Қазақстан екені аталып өтті.

Өңірішілік инвестиция рекордтық деңгейге жетті

Банк дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысында Орталық Азия елдері арасындағы өзара жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар (ПИИ) көлемі алғаш рет 1 млрд долларлық межеден асып, 1,15 млрд долларға жеткен. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш тағы 12,5%-ға өсіп, 1,3 млрд долларға ұлғайды.

Сарапшылардың мәліметінше, 2021 жылдан бері өңірішілік инвестициялар жыл сайын орта есеппен 24,4%-ға өсіп отыр. Бұл бүкіл Еуразиялық өңір бойынша тіркелген орташа өсімнен (2,8%) айтарлықтай жоғары.

Орталық Азиядағы өзара жинақталған инвестициялар тұрақты өсімді жалғастырып келеді. 2021 жылдан бастап олардың қарқыны едәуір жеделдеді, – делінген баяндамада.

Қазақстан – негізгі инвестор

Құжатта өңірдегі екі басты инвестор – Қазақстан мен Өзбекстан екені көрсетілген. Жалпы салынған инвестицияның 72%-ы Қазақстанға (928 млн доллар), 28%-ы Өзбекстанға (367 млн доллар) тиесілі.

ЕАДБ мәліметінше, соңғы бір жарым жылдағы өсімнің 60%-дан астамын Қазақстанның құрылыс компаниялары Өзбекстанда жүзеге асырып жатқан жобалар қамтамасыз еткен.

Өсімнің елеулі бөлігі Қазақстанның құрылыс компаниялары Өзбекстанда іске асырып жатқан жобалар есебінен қалыптасты, – деп атап өтеді сарапшылар.

Қазақстан – ірі инвестиция алушы ел

Жалпы Еуразиялық өңір бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында Қазақстанға тартылған өзара жинақталған инвестициялар көлемі 9,4 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша ел Өзбекстаннан кейін екінші орында.

Соңғы бір жарым жылда Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 11%-ға немесе шамамен 0,95 млрд долларға артқан.

Сонымен қатар Қазақстан аймақтағы ірі инвестор елдердің бірі саналады. Өзге мемлекеттерге салынған жинақталған инвестиция көлемі 3,2 млрд долларға жеткен.

Қай салалар алға шықты?

Баяндамаға сәйкес, Орталық Азияда құрылыс саласы 440 млн доллар инвестиция тартқан. Ал өңдеу өнеркәсібі 340 млн доллар көлемінде қаржы иеленген. Осы екі сектор өңір ішіндегі барлық инвестицияның шамамен 60%-ын құрайды.

Қазақстанда өңдеу секторындағы өсім химия өнеркәсібіндегі жобалармен байланысты. Атап айтқанда, тыңайтқыш, бутадиен, полиэтилен өндіретін кәсіпорындар мен өзге де химиялық зауыттар іске қосылуда.

Шикізаттан өңдеуге көшу үрдісі

ЕАДБ сарапшылары 1990-жылдардан бері Еуразиялық өңірдегі инвестиция құрылымында айтарлықтай өзгеріс болғанын атап өтеді. Шикізат секторынан қосылған құны жоғары салаларға бетбұрыс байқалады.

Инвестициялық құрылымда шикізат салаларынан өңдеу және жоғары қосылған құны бар секторларға ауысу жүріп жатыр, – делінген баяндамада.

Инвестиция үшін басым бағыттар ретінде өңдеу өнеркәсібі, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен аталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы
Өзгелердің жаңалығы