Бүгiн 2026, 16:02 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Орталық Азияда әскери бюджет бойынша кім көш бастап тұр? 

Қазақстан 57-орында, Түрікменстан 77-орында, Қырғызстан 105-орында, Тәжікстан 108-орынға жайғасқан.

2026 жылы Орталық Азия елдері қорғаныс саласына бөлетін қаржыны айтарлықтай ұлғайтып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі @geostatistica-ға сілтеме жасап.

Аймақтағы ең ірі әскери бюджет Өзбекстан еншісінде. Ташкент биыл қорғанысқа 6,2 млрд доллар қарастырса, Қазақстан бұл бағытқа 5,8 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр. 

2026 жылғы Global Firepower рейтингіне сәйкес, Өзбекстан әскери қуаты бойынша әлемде 53-орынға жайғасып, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Бұл рейтинг елдердің әскери әлеуетін кадр, техника, логистика және қаржыландыру сияқты ондаған көрсеткіш арқылы бағалайды. Өзбекстанның жиынтық индексі 0,9908 балға жеткен.

Салыстырмалы түрде Қазақстан 57-орында тұр. Ал Түрікменстан 77-орынға, Қырғызстан 105-орынға, Тәжікстан 108-орынға жайғасқан. Бұл деректер аймақтағы әскери әлеуеттің біркелкі емес екенін көрсетеді.

Өзбекстанның әскери қуатындағы маңызды бағыттардың бірі – авиация. Зерттеу мәліметінше, ел қарулы күштерінің құрамында 159 әуе техникасы бар. Оның ішінде 101 тікұшақ, 26 жойғыш ұшақ, 13 шабуылдаушы ұшақ, 12 әскери-көлік ұшағы және 7 оқу ұшағы бар. Әскери авиация бойынша республика әлемдік рейтингте 55-орында тұр.