Орталық Азияда алғаш рет кәсіби этносаясаттанушылар даярлануда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де этносаясаттанушы-магистрлерді дайындау бойынша екі жылдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
Бұл - этносаралық қатынастар дамуының саяси шарттылығын зерттейтін кәсіби мамандарды даярлауға бағытталған Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы білім беру бағдарламасы.
Осы бағдарлама бойынша білім алған мамандар этносаралық ахуалды зерделеп, мемлекеттік органдар мен зерттеу орталықтарына сараптама дайындай алады деп жоспарлануда.
Бағдарлама кәсіби стандарттарға сәйкес жасалған. Сондай-ақ, бағдарлама оқытудың бес негізгі нәтижесіне - білім мен түсіну, білімді практикада пайдалану, тұжырымдау, қарым-қатынас пен оқу саласындағы шеберлікке негізделген Дублиндік дескрипторларды ескереді.
Бұдан басқа, бағдарлама Еуропалық біліктілік жүйесін (ЕЖК) ескереді. ЕЖК - ұлттық білім берудің біліктілік жүйелерімен салыстырмалы, барлық деңгейдегі білім беру біліктілігінің жалпыланған құрылымын сипаттайтын негіздемелік құрылымы бар жүйе.
Айта кетейік, Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы этносаясаттанушы-магистрлерді дайындау бойынша білім беру бағдарламасының тұсаукесері Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы қарсаңында 2021 жылдың 28 сәуірінде өтті.
Қазіргі уақытта «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасы аясында «Қазіргі әлемдегі этносаяси үдерістер», «Қазақтану», «Халықтану», «Қоғамға қызмет ету» және т. б. инновациялық пәндер оқытылуда.