Орталық Азия журналистері Лаошань тауында шие терді

Қазақстандық журналистер Циндао (ҚХР) қаласында орналасқан Лаошань тауына шығып, шие терді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайдың Сиань қаласында өткен «Қытай-Орталық Азия» саммитіне қатысқан Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан журналистері Шаньдун провинциясын аралады.

БАҚ өкілдері Циндао қаласында орналасқан жетекші кәсіпорындарда болып, елдеріміз арасында қандай салада ынтымақтастық дамып жатқанын көрді.

Орталық Азия журналистері Лаошань тауына көтеріліп, тәтті шие теріп, сол жерде оның дәмін татуға мүмкіндік алды.

Тауға саяхатты ұйымдастырушылардың айтуынша, Циндаодағы Лаошань тауы туристер көп келетін жер саналады. Мұнда арнайы турлар ұйымдастырылады.

Келушілер керемет табиғатқа тамсанып, тәтті шиеден дәм татып, тауда жиналған шөптерден қайнатылған шай іше алады.

Тәжікстандық журналист Артур Камилов тауда алғаш рет шие теріп тұрғанын айтты.

Бүгін Лаошань тауына шығып қана қоймай, тауда өсіп тұрған жемістерден дәм татып, шөптерден шай іше алдық. Көрініс керемет. Осындай әдемі жерлерге туристер көптеп келеді деп ойлаймын. Себебі мұнда барлық жағдай жасалған, тауға тіпті жаяу шықпайсың. Ол үшін арнайы көліктер ұйымдастырылған, - дейді Артур Камилов.

Лаошань тауы Циндао қаласының шығыс бөлігінде орналасқан. Оның жалпы ауданы 446 шаршы шақырымды алып жатыр. 

Лаошань тауын қытайлықтар «табиғи мүсіндер паркі» деп те атайды. Таудың ең биік Цзюйфэн шыңы теңіз деңгейінен 1132,7 метр биіктікте орналасқан. 

Ол - Қытай материгінің 18 000 шақырымдық жағалау сызығындағы ең биік шың. Лаошань теңіз жағалауындағы «ең әйгілі тау» ретінде белгілі.

Сианьда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту керегін айтқан болатын. Президент «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынып, агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн екенін айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы