Орталық Азия тұрақты үйлестіру тетігін қалыптастырды: сарапшы өңірдегі жаңа тәртіп туралы
Шолпан-Атада өткен Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуі өңірлік жақындасудың символдық дипломатия шеңберінен шығып, нақты ынтымақтастыққа ұласқанын көрсетті.
Орталық Азия елдері мемлекеттері басшыларының Шолпан-Атадағы бейресми кездесуі өңірлік ықпалдастықтың символдық дипломатия аясынан шығып, нақты әрі жүйелі ынтымақтастыққа көшкенін көрсетті.
Кездесудің басты қорытындысы – Шолпан-Ата декларациясының қабылдануы болды. Алайда бұдан да маңыздысы – өңірлік өзара іс-қимылдың жаңа логикасы. Мемлекет басшылары жиі кездесіп, ұзақ мерзімді құжаттарды келісіп қана қоймай, оларды іске асыру тетіктерін де талқылауға көшті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңді Орталық Азияның жаңа тарихындағы ең табысты кезең деп атап, Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты іс жүзінде жүзеге асырудың нақты жоспарын әзірлеуді ұсынды. Әзербайжанның толыққанды қатысуы Транскаспий байланысы, энергетика, сауда және цифрлық инфрақұрылым бағыттарындағы күн тәртібін кеңейтті. Консультативтік форматтың өңірлік жаңа тәртіптің негізіне айналып келе жатқаны, оның икемділігін қалай сақтауға болатыны және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін қалай күшейтуге болатыны туралы Сент-Эндрюс университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі аға ғылыми қызметкері, салыстырмалы өңіртану және Орталық Азия мәселелерін зерттеуші Филиппо Коста Буранеллимен сұхбаттастық.
– Президент Тоқаев Орталық Азия өзінің қазіргі заманғы тарихындағы ең табысты кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Шолпан-Атадағы кездесу өңірдің тұрақты диалогтан орнықты үйлестіру жүйесіне көшкенін көрсете ме?
– Шолпан-Атадағы кездесу өңірдің саяси, экономикалық және жалпы даму кеңістігі барған сайын тұрақты, болжамды әрі үйлестірілген сипат алып келе жатқанын дәлелдейді. Әсіресе бұл жиынның жыл сайынғы негізгі саммит емес, бейресми кездесу болғаны маңызды. Келесі кездесу Түрікменстанның Аваза қаласында өтеді. Осылайша мемлекет басшылары бір тетік аясында жылына екі рет бас қосатын болды. Бұл жоғары деңгейдегі байланыстардың айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.
Әзірге бұл форматтың толыққанды халықаралық ұйымға айналатынын нақты айту қиын. Себебі мемлекеттердің институционалдандыру деңгейіне қатысты ұстанымдары әртүрлі. Дегенмен ең маңыздысы – өзара мүдделерді келісіп ілгерілетуге мүмкіндік беретін тұрақты саяси әрі үйлестіру құрылымы қалыптасты.
Осы тұрғыдан алғанда Президент Тоқаевтың бағасы өңірдегі нақты үрдісті көрсетеді. Оның өзара сенімге ерекше мән беруі өте маңызды. Себебі Орталық Азия қатаң ұлтүстілік модель арқылы емес, мүдделерді біртіндеп үйлестіру арқылы ықпалдастықты күшейтіп келеді. Қазақстан қолдап отырған икемді өңірлік дипломатия мемлекеттердің егемендігіне қысым жасамай-ақ ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.
– Өңірдегі бес мемлекет те Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат елдердің сыртқы саяси еркіндігін сақтай отырып, өңірлік тәртіптің ұзақ мерзімді негізіне айнала ала ма?
– Бұл шарт расында да «Орталық Азия – 2040» стратегиясымен бірге өңірлік ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді негізіне айнала алады. Екі құжат та қалыптасып келе жатқан жаңа өңірлік тәртіптің іргетасын қалайды.
Шарттың маңызды ерекшелігі – оның мерзімсіз қабылданғаны. Құжат тараптар өзгеше шешім қабылдағанға дейін өз күшінде қалады. Онда тату көршілік, өзара түсіністік, келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен шешу, диалог пен орнықты даму бүкіл өңірдің ортақ мүддесі ретінде бекітілген. Бұл қағидаттар Шолпан-Ата декларациясында да көрініс тапты.
Шарт мемлекеттердің егемендігін шектеуді, бөлісуді немесе біріктіруді талап етпейді. Керісінше, саяси әралуандықты сақтап, ынтымақтастықтың қарқыны мен нысандарын икемді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл Орталық Азия үшін аса маңызды, өйткені мұнда өңірлік жол карталары негізінен екіжақты әріптестікпен қатар дамып келеді.
Президент Тоқаевтың шартты іске асырудың нақты жоспарын әзірлеу туралы ұсынысы осы архитектураға практикалық мазмұн береді. Қазақстан саяси уағдаластықтарды нақты тетіктерге, бағдарларға және бірлескен жобаларға айналдыру қажет деген ұстанымды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Бұл ретте әңгіме қатаң ұйым құру туралы емес, ынтымақтастық құрылымдарын дамыту жөнінде болып отыр. Мұндай тәсіл Түрікменстанның ерекше ұстанымын да ескеруге мүмкіндік береді.
Осындай құқықтық әрі икемді құрылым қазірдің өзінде өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Бұл – жуырда ғана бірлігі әлсіз, қақтығыс қаупі жоғары өңір ретінде сипатталған Орталық Азия үшін үлкен жетістік.
– Әзербайжанның толыққанды қатысуы форматтың жаңа кезеңі деп бағаланды. Осылайша кеңірек Транскаспий кеңістігі қалыптасып жатыр ма және бұл қандай мүмкіндіктер ашады?
– Орталық Азия қазір трансөңірлік ықпалдастық кезеңінен өтіп жатыр. Бұл ең алдымен Әзербайжанмен байланысты болса, кеңірек алғанда Ауғанстанды да қамтиды.
Әзербайжанның қатысуы Орталық Азия ұғымының мазмұнын кеңейтеді. Алайда терминология әзірге тәжірибеден кейін қалып келеді. Формат әлі де «Орталық Азия және Әзербайжан» деп аталады, ал халықаралық тетіктерде өңір бұрынғыша бес мемлекеттен тұратын аймақ ретінде қарастырылады. Сондықтан атаулардан гөрі ынтымақтастықтың нақты мазмұнына назар аударған жөн.
Көлік, энергетика, сауда және инвестиция салаларында Әзербайжанның қатысуы Еуропаға шығатын қосымша дәліз ашады. Бұған дейін батыс бағытындағы байланыстардың басым бөлігі Ресей арқылы өтетін. Енді өңірде бағыттарды әртараптандыруға, стратегиялық таңдау жасауға және сыртқы саясаттағы икемділікті арттыруға мүмкіндік көбейді.
Қазақстанның Транскаспий байланысын дамытуға бағытталған саясаты осы үрдіске толық сәйкес келеді және жаңа форматтың практикалық маңызын күшейтеді. Қазірдің өзінде мультимодальды тасымал, кабельдік инфрақұрылым, көлік пен энергия экспортын реттеуді жеңілдету бағыттарында айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар күн тәртібіне туризм, мәдениет, цифрландыру, инновациялар, жасанды интеллект және ғарыш технологиялары да енді.
Түркі халықтарының тарихи байланыстары бұл ынтымақтастыққа қосымша негіз береді. Алайда бұл Тәжікстанмен қарым-қатынасқа кері әсер етпеуі тиіс. Сондықтан өңірлік тәртіптің басты тіректері экономика, инфрақұрылым, энергетика және өзара байланыс болып қала береді.
– Шолпан-Ата декларациясы қабылданғаннан кейін көшбасшылар Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі үнін күшейту туралы айтты. Саяси жақындасу толыққанды халықаралық субъектілікке айналуы үшін не қажет?
– Ең алдымен мемлекеттердің өз ішіндегі үйлестіруді күшейтіп, ұлттық институттардың әлеуетін арттыру қажет. Орталық Азиядағы сын-қатерлер кешенді сипатқа ие және оларды бір ғана ведомство шеше алмайды. Сондықтан министрліктер, өңірлер, парламенттер, сараптамалық орталықтар мен азаматтық қоғам арасында тұрақты байланыс арналары болуы керек.
Екінші маңызды шарт – тұрақты байланыс. Министрлер, дипломаттар және сараптамалық орталықтардың басшылары үйлестіруді күнделікті жұмыс тәжірибесіне айналдыруы қажет. Жол карталарын қабылдап қана қоймай, олардың орындалуын бірлесіп бақылау маңызды.
Үшінші шарт – жүйелі ойлау. Мемлекеттер ұлттық жобаларды көрші елдерге ықпалы, бірлескен қатысу мүмкіндігі және өңірлік ортақ пайда тұрғысынан бағалауы тиіс. Бұл қайталанатын бастамаларды азайтып, Орталық Азияның өзара тығыз байланысқан кеңістік ретіндегі әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Президент Тоқаев ұсынған саяси құжаттардан нақты іс-қимыл жоспарына көшу бастамасы дәл осы мақсатқа жауап береді. Мұндай прагматикалық тәсіл қалыптасқан сенімді нақты тәжірибеге айналдырып, күрделі ұлтүстілік жүйе құрмай-ақ өңірдің халықаралық рөлін күшейте алады.
Ал бұл үдерісті соғыстар мен зорлық-зомбылық, ірі державалардың араласуы, сыртқы дағдарыстар, ресурстардың жетіспеуі және адами капиталға жеткілікті көңіл бөлінбеуі баяулатуы мүмкін. Сондықтан өңірлік тәртіптің орнықтылығы тек мемлекет басшыларының шешімдеріне ғана емес, сонымен қатар институттардың сапасына, білім беру жүйесіне және қоғамдар арасындағы байланыстардың деңгейіне де тәуелді болады.