«Орталық Азия-Қытай» форумында Тоқаевтың жолдауы туралы айтылды
«Орталық Азия-Қытай» мерейтойлық 10-шы ынтымақтастық Форумының қатысушылары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұны туралы хабардар етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Фуцзянь өлкесінің Халық үкіметі мен ШЫҰ-ның Тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі комитеті ұйымдастырған «Достық қарым-қатынастарды тұрақты дамыту, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету» тақырыбындағы «Орталық Азия-Қытай» мерейтойлық 10-шы ынтымақтастық Форумының жұмысына қатысты.
Іс-шараға ҚХР Халықтық саяси консультативтік кеңесінің Бүкілқытайлық комитеті Төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ, Фуцзянь өлкесі партия комитетінің Хатшысы Чжоу Цзуи, Қырғызстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан және Өзбекстан Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Сулаймон Зиезода және Зулайхо Махкамова, ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Мин, сондай-ақ қытай орталық мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу және іскерлік топтарының өкілдері қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеу кезінде Елші Ш. Нұрышев іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тұстары және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұны туралы хабардар етті.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде «Орталық Азия-Қытай» форматындағы ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан инвестицияларды және озық технологияларды тарту, жаңа жоғары технологиялық өндірістер құру, ауыл мен мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту, туризмді дамыту арқылы тиімді практикалық жұмыс жүргізуді жақтайтынын атап өтті. Атап айтқанда, 2023 ж. мамырда Сиань қ. өткен «Орталық Азия – Қытай» Саммиті барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Сол күні Елші Ш.Нұрышев Бүкілқытайлық әйелдер федерациясы ұйымдастырған «ОА – Қытай» форматындағы әйелдер дамуы форумына қатысты.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Қытай» 10-шы ынтымақтастық Форумының Сямэнь бастамасы қабылданды, Алматы облысы мен Фуцзянь өлкесі арасындағы бауырластық байланыстарды орнату ниеті туралы Меморандумға, сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Фуцзянь өлкесінің Халықаралық еркін сауда палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.