"Орталық Азия – Қытай" форматы өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді – Қуантыров
Астанада “Орталық Азия – Қытай” ІІ индустриалдық- инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасының өкілдері қатысып жатыр.
Форум — өңір елдері мен ҚХР арасындағы серіктестікті нығайтатын маңызды диалог алаңына айналып келеді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров отырыста сөз сөйлеп, форумның маңызды екенін айтты.
Бұл форум — Орталық Азия мен Қытай арасындағы сенімді, өзара тиімді байланыстардың символына айналды. Бүгінгі іс-шара стратегиялық маңызы мен елдеріміз арасындағы тарихи жақындықты тағы бір мәрте айғақтайды, – деді Қуантыров.
Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде “Орталық Азия – Қытай” форматы өз тиімділігін дәлелдеп, көпжақты әрі терең ынтымақтастыққа деген ортақ ниетті көрсетіп отыр.
Қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде елдердің экономикалық тұрақтылығы, сенімді серіктестік пен инновацияларға ашықтығы – болашақтың басты кепілі. Қазақстан индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты осы форматтағы ең маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады, – деп атап өтті ол форумда.
Қазақстан тарапынан жаңа өңірлік экономикалық өсу орталықтарын құру ұсынылып отыр. Бұл бастамалар индустриялық интеграцияға, заманауи технологияларды енгізуге және экономиканы әртараптандыруға негізделген.
Форум аясында мынадай салалардағы жобалар басты назарда болды:
- қайта өңдеу өнеркәсібі
- машина жасау
- жасыл энергетика
- көлік және логистика
- цифрландыру
- агроөнеркәсіп
Бұл бағыттар тек өсудің жаңа нүктесі ғана емес, сонымен қатар өңірлік экономиканың тұрақты дамуына серпін беретін стратегиялық платформаларға айналуы тиіс.
Еске сала кетсек, ертең президенттердің қатысуымен “Орталық Азия - Қытай” екінші саммиті өтеді.