Орталық Азия мен Қытай құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Ерсайын Нағаспаев «Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдер делегациялары басшыларының Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесуіне қатысты.
«Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдер құрылыс министрлерінің екінші кездесуі аясында делегациялар басшыларының Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуі болды.
Кездесу барысында елдер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен әріптестікті нығайту мәселелеріне баса назар аударылды.
Қазақстан тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы бауырлас екі халық арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қолайлы мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.
«Орталық Азия – Қытай» форматындағы құрылыс министрлерінің кездесуі өңірлік бастамаларды ілгерілетуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және құрылыс саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар көпжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.
Ерсайын Нағаспаев пен ҚХР Тұрғын үй, қала және ауыл құрылысы министрі Ни Хунның кездесуінде құрылыс саласындағы стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды. Бұған дейін Астанада өткен екіжақты келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыру нәтижелеріне назар аударылды.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар берік саяси негізге ие және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің айрықша назарында. Өзара құрмет пен сенімге негізделген жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қосымша серпін береді», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Кездесуге қатысушылар тұрғын үй құрылысы, кешенді қала құрылысын жоспарлау, заманауи құрылыс технологияларын енгізу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және нақты бірлескен жобаларды пысықтауға дайын екендіктерін растады.