Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумының Түркістан декларациясы

Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумының Түркістан декларациясы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумының Түркістан декларациясы

Біз, 2023 жылғы 9-10 ақпанда Түркістан қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумының қатысушылары,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Парламенттерінің атынан өкілдік ете отырып,

Тату көршілік пен өзара сыйластық қағидаттарына негізделген ғасырлар бойғы тарихи, рухани және мәдени тұтастық пен Орталық Азия халықтарының достығына сүйене отырып,

Тарихи қалыптасқан мықты көршілік қатынастар негізінде өңірлік ынтымақтастықты дамытудың үдемелі процесін растай отырып,

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалай отырып, 

2022 жылғы 21 шілдеде Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің мәнін, сондай-ақ Парламентаралық форум өткізу туралы қол жеткізілген уағдаластықты іс жүзінде іске асырудың маңыздылығын атап көрсете отырып,

2023 жылғы 14-15 қыркүйекте Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші мерейтойлық консультативтік кездесуін өткізуді құптай отырып,

Парламенттік дипломатия бейбітшілікті, өзара түсіністікті және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы болып табылатыны туралы пікірлердің бірлігін растай отырып,

Парламенттік ынтымақтастық Орталық Азия мемлекеттерінің өмірлік маңызы бар және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне сай келетініне сенім білдіре отырып,

Өңірдегі, сондай-ақ әлемдегі өткір сын-қатерлерді шешуде парламентаралық байланыстар рөлінің артып келе жатқанына мән бере отырып,

Парламенттердің бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде ашық және ауқымды өзара іс-қимылға дайындығын растай отырып,

2022 жылғы желтоқсанда қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетудегі парламенттердің рөлін күшейту туралы Қарарының маңыздылығын құптай отырып:

1. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жан-жақты әріптестікті қолдау үшін парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуды қолдаймыз.

2. Орталық Азия өңірін дамыту, өркендету және орнықты дамыту мақсатында екіжақты және көпжақты іс-шаралар өткізу, парламенттік делегациялардың өзара сапарларын жүзеге асыру арқылы парламентаралық ынтымақтастықты кешенді дамытуға бейілділікті растаймыз.

3. Орталық Азия мемлекеттерінің заңнамаларын жетілдіру процесінде жалпы өңірлік мүдделерді ескере отырып, тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігімізді білдіреміз.

4. Парламенттер арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында заң шығарушы органдардың ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиялары, достық топтары, бейінді комитеттері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтеміз. 

5. Парламенттердің экономикалық, әлеуметтік, су-энергетикалық, көліктік, логистикалық, туристік және мәдени-ізгілік әлеуеттерді жан-жақты дамыту, сондай-ақ орталық азия өңірі мемлекеттері халықтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру үшін құқықтық негіз құрудағы сындарлы рөлін атап көрсетеміз.

6. Өңіраралық, шекара маңындағы ынтымақтастықты кеңейту және трансшекаралық туристік маршруттарды дамытуға жәрдемдесу мақсатында өңір мемлекеттерінің жергілікті өкілді органдары арасында тығыз байланыстар орнатуды жақтаймыз.

7. Парламентшілердің төмен көміртекті экономиканы құруға, климаттың өзгеруімен күреске, қоршаған ортаны қорғауға, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, энергетикалық және азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған салаларда халықаралық жобалар мен бағдарламаларды ілгерілетуге қосқан үлесін арттыру қажеттігін атап көрсетеміз.

8. Парламенттердің халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, заңсыз көші-қонға, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының заңсыз айналымына және есірткі трафигіне қарсы күресте өңір елдерінің одан әрі өзара іс-қимылы үшін қажетті құқықтық жағдайлар жасауға әзірлігін білдіреміз.

9. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму жөніндегі күн тәртібін іске асыру мақсатында заң шығарушы органдардың күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын растаймыз,

10. Өңір мемлекеттерінің білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен бастамаларды қолдауға бағытталған парламентаралық байланыстарын одан әрі кеңейтуді қолдаймыз.

11. Орталық Азия мемлекеттері әйелдерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәртебесі мен жағдайын жақсартуға бағытталған заңнаманы жетілдіру жөніндегі өзара іс-қимылды жалғастырудың, тәжірибе алмасудың және бірлескен күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап көрсетеміз.

12. Орталық Азиядағы бауырлас халықтардың ортақ мәдени мұралары мен рухани құндылықтары негізінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудегі Парламенттің рөлін атап көрсетеміз.

13. Түркістан қаласында парламентшілердің көпжақты тікелей диалогын дамытуға және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал еткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумын ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына алғыс білдіреміз.

14. Көпжақты парламентаралық диалогтың қажеттілігін растаған және болашақта осы форматта тұрақты кездесулер өткізуге негіз болған Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумының қорытындыларына қанағаттанушылық танытамыз және оның маңыздылығын атап көрсетеміз.

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы 

2023 жылғы 10 ақпан

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенаты
Өзгелердің жаңалығы