Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара барысында тараптар ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінде Душанбе қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінің күн тәртібінің жобасын қарады. Қатысушылар Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы пікір алмасты және өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ОА өңірі елдері арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында өңірлік кооперацияның жоғары маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан СІМ басшысы М. Нұртілеу өз сөзінде 2018 жылы Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы Консультативтік кездесуі өткізілген сәттен бастап бұл диалог сапалы жаңа деңгейге шыққанын, мерейтойлық саммит өткізуді растайтын тұрақты және серпінді сипатқа ие болғанын айтты.
Біздің мемлекеттер басшыларының консультативтік кездесулері сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуге айтарлықтай серпін берді. Бүгінгі таңда өңір елдері арасындағы сауда көлемі 10 млрд АҚШ долларынан асып, соңғы бес жылда 2 есеге артты, – деді М. Нұртілеу.
Тараптар Орталық Азияның барлық елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ орнықты экономикалық дамуды, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуды қамтамасыз етуге қол жеткізілгенін қанағаттанушылықпен атап өтті.
Сонымен қатар су-энергетика мәселелері бойынша ұтымды және өзара тиімді бесжақты ынтымақтастықты құруға ерекше назар аударылды.
Осы тұрғыда Министр М. Нұртілеу Орталық Азия елдерінің гидроэнергетика, ирригация және экология саласындағы тәсілдерін үйлестіру қажеттігін мәлімдеді. Ол үшін қазақ тарапы өңірдің барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескеретін өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді кешенді тетігін әзірлеуді ұсынады.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша қол қоюға және қабылдауға жоспарланған құжаттар мен шешімдер жобаларының тізбесін келісті.