Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну ағымдағы жылдың 10 қарашасынан басталатынын хабарлады. 

Осыған байланысты саяси партияларды алдағы сайлауға жіберу туралы мәселені ОСК осы сайлау кезеңі басталғанға дейін қарайды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов сөз сөйледі. Ол Парламент Мәжілісінің депутаттығына және партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі екенін мәлімдеді.

Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасында алты саяси партия тіркелген және барлығы жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі күні барлық саяси партиялар заңнамалық тәртіппен әрекет етеді, уәкілетті органдарда саяси партияларды қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша құқықтық негіз жоқ.

Осылайша, Ортсайлауком отырысында «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, «Бірлік» саяси партиясына, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға, Қазақстанның Коммунистік халық партиясына және «Nur Otan» партиясына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат беру туралы 6 Қаулы қабылданды.

Саяси партияларды мәслихат депутаттарын сайлауға жіберуге қатысты 14 облыста «Ақ жол», «Ауыл», ЖСДП, «ҚКХП» және «Nur Otan» партияларының Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары тіркеліп, жұмыс істейтіндіктен, Ортсайлаукомның қаулыларымен аталған саяси партиялар барлық өңірдегі мәслихат депутаттарын сайлауға жіберді. 

«Бірлік» партиясының филиалдары 13 облыста, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелген және жұмыс істеп жатыр. Ал Шымкент қаласында және Түркістан облысында филиалы болмағандықтан, «Бірлік» партиясы осы өңірлердегі мәслихат депутаттарын сайлауға қатыстыра алмайды. Осыған байланысты «Бірлік» саяси партиясына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәслихаттарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылданды.

Берік Имашев атап өткендей, егер «Бірлік» партиясы ұсыну кезеңінде аталған екі өңірде филиалдарын ашып, тіркесе, онда партияны Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға жіберуге болады.

Айта кетейік, отырысқа саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы