Орталық сайлау комиссиясы екі партияға қатысты шешімдерін жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген сайлауға байланысты отырыс өткізді.

Жиында кейбір саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға жіберу туралы мәселесі қаралды. 

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, 5 қарашада Орталық сайлау комиссиясы 6 саяси партияны сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдаған.

Сонымен қатар, ҚР Әділет министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылғы 11 қарашада «Бірлік» саяси партиясы қайта тіркеуден өтіп, «ADAL» саяси партиясы болып атауын өзгертті. Одан бөлек 2020 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» да тіркеуден өтіп, «Қазақстан Халық партиясы» болып атауын ауыстырған.

«ADAL» саяси партиясының және «Қазақстан Халық партиясының» барлық филиалдары 14 облыстың әділет органдарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында есептік қайта тіркеуден өтті.

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы «ADAL» саяси партиясы мен «Қазақстан Халық партиясының» Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылданды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «ADAL» партиясы Түркістан облысында өз филиалын қайта тіркеуді және Шымкент қаласында партия филиалын есептік тіркеуді жүзеге асырғанын айтты. Енді бұл партия барлық өңірлердегі мәслихаттарға сайлауға қатысуға жіберілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы