Орталық Азия және АҚШ. С5+1 форматындағы кездесу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді С5+1 форматында Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен АҚШ Әкімшілігінің өкілдері кезекті кездесуіне қатысты.

Іс-шараға Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов, АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Элизабет Шервуд-Рэндалл, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшісі Ибрагим Джунусов қатысты.

Министрлер кездесуінің күн тәртібінің негізгі аспектісі Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және COVID-19 пандемиясы кезеңінде экономикалық қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігер мәселелерін талқылау болды.

Министр М.Тілеуберді өз сөзінде С5+1 диалогын одан әрі нығайтудың және биоқауіпсіздік, сауда-инвестициялық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, климаттың өзгеруі, адам саудасына қарсы күрес және адами капиталды дамыту сияқты бағыттар бойынша өңірлік өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар С5+1 институционалдық нығайту, сондай-ақ жалпы өзекті проблемаларды шешу үшін осы платформаны пайдалану бойынша күш салуға келісті.

Сол күні Қазақстан СІМ басшысы М.Тілеуберді Э.Шервуд-Рэндалл бастаған америкалық делегациямен екіжақты жеке келіссөздер жүргізді.

Тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде аса жоғары және жоғары деңгейдегі алдағы байланыстарды, Ауғанстандағы ағымдағы жағдайды және ауғанаралық диалогты ілгерілетуді талқылады.

Қазақстан мен АҚШ жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, заң үстемдігі, демократияландыру және климаттың өзгеруі сияқты маңызды салаларды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың барлық салаларында кеңейтілген стратегиялық әріптестік орнатуға қол жеткізгені атап өтілді. 

Биыл біздің дипломатиялық қатынастарымызға 30 жыл толады. Біздің әріптестігіміз достық, сенім және өзара құрмет рухында дамып келе жатқанын атап өтуге қуаныштымыз, - деді М.Тілеуберді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы