Ортақ оқулықтар бойынша маңызды шешімдер қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ыстамбұлда Халықаралық Түркі академиясының VI Ғылыми кеңесі өтті. Отырыста «Ортақ түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтары бойынша маңызды шешімдер қабылданды.
Жиында сөз алған Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі дайындалған оқулықтар туралы кеңінен мағлұмат берді. «Ортақ түркі тарихы» оқулығын әзірлеу жұмыстары мәресіне жеткенін атап өткен Қыдырәлі «Түркі әлемінің географиясы» мен «Ортақ түркі әдебиеті» оқу құралдарының да дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ортақ оқулықтар әзірлеу жұмыстарына қолдау көрсеткен тараптарға алғысын айтты.
Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Махмут Өзер «Ортақ түркі тарихы» пәнінің мазмұны маңызды саналғандықтан жоғарғы сынып деңгейіне дейін қабылданғанын айтты. Бұған қоса, министр Махмут Өзер 2022-2023 оқу жылынан бастап 9, 10 және 11-сыныптарда «Түркі әлемінің географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарының таңдау пәні ретінде енгізілетінін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мектептерінде «Ортақ түркі тарихы» пәні сәтті оқытылып жатқанын атап өтті.
Әзербайжанның Білім министрі Эмин Амруллаев «Ортақ түркі тарихы» ауқымды жоба екенін айтып, Академияның осы тұрғыдағы жұмысын жоғары бағалады.
Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев ортақ оқулықтар енгізуді қолдайтынын білдіріп, аталған бағыттағы мәселелерді зерттейтін бірлескен комиссия құруды ұсынды.
Осы орайда Түркия тарапы өзінің төрағалығы аясында ортақ оқулықтар бойынша арнайы жиын ұйымдастыруды ұсынды.
Қарастырылып отырған ұсыныстардың маңыздылығын айта келе, Түркі академиясының президенті мұндай маңызды қадамдардың процесті жеделдете түсетініне сенім білдірді.