Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 миллионға жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысына Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін жариялады.

Оның айтуынша, 2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде орта және шағын бизнестің 2 мыңға жуық жобасына қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік негіздеріне 23 мың адам оқытылған. 

«2019 жылдың 1 қаңтарына жұмыс істеп тұрған орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 миллионға жетті. 2018 жылдың басымен салыстырғанда, ол 8,3% өсті. Екі Палатаның жұмыс топтарында бюджеттің кірістерін толықтыру, шығыстарын тиімді пайдалану, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды жақындату, олардың индикаторларының сапалы жоспарлануы, сыртқы борышты қадағалау сияқты жүйелі мәселелер қозғалды», - деді Смайылов.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары депутаттардың және Есеп комитетінің барлық ұсыныстарын орындау үшін Үкімет арнайы Жол картасын дайындап, оны бекітіп, іске асыра бастағанын атап өтті. Онда әр мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар  және орындау мерзімдері бекітілген.

«Күзде осы Жол картасының орындалуы туралы есепті сіздерге беретін боламыз. 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы қорытындыларды талқылау кезінде белсенділік танытқандарыңыз үшін сіздерге зор алғыс айтамыз», - деп сөзін түйіндеді Қаржы министрі.

Былтыр бюджет шығындарының жартысы әлеуметтік салаларға бөлінгені туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Халықтың әлеуметтік топтарына 4 мыңға жуық пәтер берілген. Өткен жылы, сондай-ақ 551 жаңа балабақша мен 62 мектеп пайдалануға берілді. 2018 жылы бюджет кірістері 9 трлн теңгеге жеткен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы