Орта державалар, көпжақты көзқарас: Euronews Тоқаевтың мақаласын жариялады
Euronews Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта державалардың рөлі туралы мақаласын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мақалада Президент Қазақстан сияқты елдер жаңа күшпен алға шығып, қатысушы ретінде ғана емес, сонымен қатар жаһандық аренадағы жауапты ойыншы ретіндегі өз рөлін көрсете білуі керектігін алға тартады.
Төтенше геосаяси турбуленттілік пен тұрақты қақтығыстарға толы бүгінгі әлемде көпжақты шешімдер өте маңызды. Еуропа, Таяу Шығыс және Африкадағы соғыстар жүздеген мың адамның өмірін қиып, климаттың өзгеруі миллиондаған адамды аш, жалаңаш және баспанасыз қалдырып жатыр. Бұл қақтығыстар шешілмейтіндей болып көрінеді, - делінген мақалада.
Сондай-ақ осы жаһандық алауыздық аясында дәстүрлі державалар – әлемнің экономикалық және саяси алпауыттарының бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігі азайып бара жатқанын мысалға келтіреді.
Украинадағы қақтығыс дипломатиялық тығырыққа әкелді, Газадағы жалғасып жатқан жағдай үлкен гуманитарлық апатқа айналды. Ал Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шиеленіс конструктивті өзара әрекеттесу есебінен қауіпті әрекеттерге итермелейді. Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық консенсусты ілгерілету үшін құрылған құрылымдар да тығырыққа тіреліп жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.