Орта дәліз: Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүк жеткізу қанша күнді алады?
2026 жылдың он айында Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 57,3 мың TEU-ге (20 футтық бір контейнерге тең шартты өлшем бірлігі) жетті. Қытайдан Қазақстан арқылы Германияға жүк жеткізу орта есеппен 25-27 тәулікке созылады. BAQ.KZ тілшісі бағыттың қазіргі көрсеткіштерін, тасымалды жеделдетуге кедергі келтіретін мәселелерді және Қазақстанның өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жоспарын анықтады.
Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) халықаралық логистикадағы орнын біртіндеп нығайтып келеді. Ол Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан және Грузия арқылы байланыстырады. Жаһандық логистикалық тізбектердің өзгеруі жағдайында бұл бағыттың транзиттік тасымалдаудағы маңызы артып отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда ТХКБ бойынша транзит көлемі 3,5 есе өскен. Қазіргі уақытта бағыттың өткізу қабілеті жылына шамамен 6 млн тоннаны, оның ішінде 100 мыңнан астам TEU-ді құрайды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ дерегіне сәйкес, бағыт бойынша транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 2024 жылы 36,2 мың TEU, 2025 жылы 41,5 мың TEU болған. Ал 2026 жылдың қаңтар- қазан айларында бұл көрсеткіш 57,3 мың TEU-ге жеткен.
Көлік министрлігі сондай-ақ биылғы он айда бағыт бойынша транзиттік тасымал көлемі 62 пайызға өскенін атап өтті.
Жүк жеткізу қанша уақытты алады?
Халықаралық жүк жөнелтушілер үшін басты мәселелердің бірі – Орта дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі. ҚТЖ мәліметінше, Қытайдың Сиань станциясынан Германияның Дуйсбург станциясына контейнерлік жүк жеткізу орта есеппен 25-27 тәулікке созылады.
Компания бұл мерзімге Қазақстан аумағындағы тасымал, порттағы жүкті өңдеу, қайта тиеу және Каспий теңізі арқылы одан әрі тасымалдау уақыты кіретінін нақтылады.
Ал Қазақстан аумағында жүк тасымалдау әлдеқайда аз уақытты алады. Мәселен, Алтынкөл станциясынан Ақтау портына дейінгі жол орта есеппен 3,5 тәулікке созылады.
Көлік министрлігі тағы бір көрсеткішті ұсынды: ТХКБ арқылы Грузия порттарына жүк жеткізу орта есеппен 15-18 тәулікті алады. Ведомствоның мәліметінше, бұл 2021–2022 жылдармен салыстырғанда екі есе жылдам.
Жүк жеткізу мерзімін тұрақты түрде 10–12 тәулікке дейін қысқарту жұмыстары жалғасып жатыр,- деп хабарлады Көлік министрлігі BAQ.KZ сауалына берген жауабында.
Бұл ретте 15-18 тәулік Грузия порттарына дейінгі, ал 25-27 тәулік Германиядағы соңғы станцияға дейінгі жүк жеткізу мерзімі екенін ескеру қажет. Бұл көрсеткіштер бағыттың әртүрлі учаскелерін қамтиды.
Тасымалды жеделдетуге не кедергі?
Жүк ағынының артуына қарамастан, Орта дәліздің одан әрі дамуы теміржол желілері мен порттардың өткізу қабілетіне, сондай-ақ түрлі елдердің көлік операторлары арасындағы жұмыстың үйлесімділігіне байланысты.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Әзербайжан және Грузиядағы серіктестермен бірлесіп, бағыттың өткізу қабілетін шектейтін учаскелерге аудит жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 2025 жылғы 30 қыркүйекте тараптар анықталған шектеулерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойған.
Жоспарда бірыңғай ұзақмерзімді тарифтерді белгілеу, кемелер сатып алу, теміржол және порт инфрақұрылымын дамыту, процестерді цифрландыру және әкімшілік кедергілерді жою қарастырылған.
Ақтау және Құрық порттарына ерекше назар аударылып отыр. Ақтауда қытайлық Lianyungang Port компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб жобасы іске асырылып, №3 және №12 айлақтар жаңғыртылып жатыр.
Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлесіп «Саржа» терминалы және «Ерсай» контейнерлік терминалы дамытылып жатыр. Сонымен қатар теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, жүк тиеу және түсіру техникасы жаңартылуда.
Тағы бір бағыт - цифрландыру. Көлік министрлігінің мәліметінше, Digital Trade Corridor платформасы мен Tez Customs сервисін енгізу бір пойыз құрамын кедендік рәсімдеу уақытын сегіз сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
Тасымалдау процесін оңтайландыру және жүк жеткізу мерзімін қысқарту мақсатында бағытты цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр,- делінген ведомствоның жауабында.
Қазақстан қандай теміржол жобаларын іске асырып жатыр?
Елдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту маңызды рөл атқарады.
ҚТЖ мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде ұзындығы 836 шақырым болатын Достық - Мойынты учаскесінің екінші жолдары бойынша қозғалыс ашылған. Нәтижесінде бұл бағыттың өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін артқан.
Ұзындығы 303 шақырым болатын Бақты - Аягөз теміржол желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба аясында Қытаймен арадағы үшінші теміржол шекара өткелін ашу көзделген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
ҚТЖ дерегінше, жаңа теміржол желісінің жобалық өткізу қабілеті тәулігіне 25 жұп пойызға дейін жетеді. Бұл қолданыстағы Достық және Алтынкөл өткелдеріне түсетін жүктемені азайтып, жүк тасымалдауға қосымша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ұзындығы 323 шақырым болатын Мойынты - Қызылжар теміржол желісі салынып жатыр. Ол Каспий порттары мен солтүстік шекара өткелдеріне бағытталған тасымалдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық жеті стратегиялық теміржол учаскесі жаңғыртылып жатыр. Ұлттық компанияның мәліметінше, бүгінде 2 459 шақырымда жұмыс аяқталған. Бұл жалпы жоспардың 83 пайызын құрайды.
Қазақстан транзит көлемін арттыруды көздеп отыр
Көлік министрлігі алдағы үш-төрт жылда Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемін 10 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлік тасымалды 300 мың TEU-ге дейін жеткізуді көздеп отыр.
Осы мақсатта Қазақстан Әзербайжан және Грузиямен бірлескен жұмыстарды үйлестіруді жалғастырып келеді. 2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий бағытын кешенді дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылуы маңызды кезең болды.
Құжат бағытты кешенді дамытудың келісілген тәсілдерін қалыптастыруға, оның жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің өңірлік көлік-логистикалық хабтар ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған,- деп хабарлады Көлік министрлігі.
Қазіргі уақытта Қытай, Грузия және Орталық Азия елдерін қосу арқылы келісімге қатысушылардың қатарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы ТХКБ инфрақұрылымын, оның ішінде теміржол және теңіз инфрақұрылымын, терминалдар желісін дамытуға және сауда флотын жаңартуға 5 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлінген және бөлу жоспарланып отыр. Қаржыландыру республикалық бюджет, халықаралық қаржы институттарының қарыз қаражаты және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ.
Осылайша, Орта дәліз бойынша контейнерлік тасымал көлемі өсіп келеді. Ал Қазақстан жаңа жүк ағынын тарту үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтіп жатыр. Бағыт тиімділігінің келесі көрсеткіші – теміржолдар мен порттарды жаңғырту, сондай-ақ елдер арасындағы тарифтерді келісу халықаралық бизнес үшін жүк жеткізу мерзімін қысқартып, тасымал құнының болжамдылығын қамтамасыз ете ала ма деген мәселе болмақ.