Орта бизнеске қаржы мен инвестиция: Үкімет қандай жоспар әзірлеп жатыр
Жаңа жоспар шағын бизнестің өсуіне, ұзақ мерзімді қаржыға қол жеткізуіне және ірі компаниялармен әріптестік орнатуына бағытталады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында орта бизнесті қолдау шараларын бақылауға алуды туралы тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл бағытта жеке даму жоспарын әзірлеу қажет.
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда шағын бизнестің орта бизнес санатына өтуін ынталандыруға, кәсіпорындардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға, соның ішінде жеке инвестиция тарту арқылы қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қарастырылуы керек, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының пайымынша, өндірістік қуаттарды технологиялық жаңарту мен еңбек өнімділігін арттыру шараларын да ескеру маңызды.
Сонымен қатар орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету тетіктері қарастырылуға тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Тағы оқи отырыңыз: Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий: Үкімет екі апта ішінде ұсыныс енгізеді