Орта Азиядағы қауіпсіздік саласының ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы (ОАПДӨО) ұйымдастырған Орталық Азия және Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарларының онлайн-кездесуіне қатысты.

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан және ЕҚЫҰ жанжалдарды алдын алу орталығының директоры Туула Юрьола қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өңірдегі қауіпсіздікке қатысты ағымдағы үрдістер мен оқиғаларды, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарысты еңсеру жөніндегі ұлттық бастамалар мен ұсыныстарға ерекше назар аударылды.

Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасы үкіметінің дағдарыстан кейінгі кезеңге көзқарасын таныстырып, сондай-ақ қатысушыларды еліміздің COVID-19 және оның салдарларымен, өңірлік және халықаралық деңгейдегі күрестегі еліміздің үлесімен таныстырды. Сонымен бірге, Қазақстан Орталық Азиядағы серіктестеріне мейлінше көмек көрсететіні және БҰҰ-ның негізгі халықаралық бастамаларын қолдайтындығы айтылды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Орталық Азиядағы серіктестерді өңірлік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстанда орнықты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған бастамаларын қолдауға шақырды.

БҰҰ, ЕО және ЕҚЫҰ өкілдері Орталық Азия мен Ауғанстан мемлекеттерінің коронавирус пандемиясының жағымсыз салдарын еңсерудегі өзара іс-қимылын оң бағалады.

Отырысқа қатысушылар ОАПДӨО, ЕО және ЕҚЫҰ-ның өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету және өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерлерін қолдайтындығын білдірді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2007 жылғы желтоқсанда ОАПДӨО құруда бастамшы болды. Әлемде осындай БҰҰ-ның үш орталығы бар: біреуі Орталық Азияда және екеуі Африкада.

Орталық қақтығыстарды алдын алуға және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге (терроризм, есірткі саудасы, су және энергетика мәселелері және т.б.) қарсы тұру саласындағы өңірлік күштерге қолдау көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы