Орта Азия ғұламаларының онлайн жиыны өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының жауапты өкілдерінің қатысуымен онлайн жиын өтті, деп хабарлайды muftyat.kz.
Жиынға Өзбекстан діни басқармасы төрағасының орынбасары Хомиджон Ишматбеков, баспасөз қызметі бөлімінің меңгерушісі Мухаммадаюбхон Хомидов, пәтуа бөлімінің меңгерушісі Ғуломжон Холбоев, сондай-ақ Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің төрағасы Абибилла Кадырбердиев, пәтуа бөлімі меңгерушісі Равшан Эратов қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жиынға ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері – шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл, халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбек, уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалық және шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов қатысты.
Жиында биылғы Рамазан айында атқарылатын шаралар, қазіргідей төтенше жағдай кезінде ораза тұту, тарауық намазы мен ауызашардың атқару жолдары, пітір садақа мен підия мөлшерін есептеу, алтын және күмістің нисабын белгілеу мәселелер талқыланды.