Өрт сөндірушінің жалақысы қандай?

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында өрт сөндірушілердің жалақы мөлшері айтылды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Спикерлер Азаматтық қорғау органдарына қызметке қабылдау шарттарына тоқталып, қалай өрт сөндіруші болуға болатынын айтты. Оның себебі Алматы қаласында өрт сөндіруші және жүргізуші қызметіне 250-ден астам бос лауазымдар бар. 

Бізде жалақы шеніне және қызмет өтіліне байланысты кемі 113 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін. Тәуліктік жұмыс болғандықтан, қызметкер 1 тәулік жұмыс істеп, 3 тәулік демалады. Айына тек 7-8 тәулік жұмыс істейді, - деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдар Скабаев.  

Ал сыйақыны мекеме басшысы экономикалық жағдайға, бюджетке байланысты әрбір мемлекеттік мерекеде беруге тырысатынын айтты. 

Жылына бір рет берілетін 30 күн демалыс кезіндегі қаржыны айтар болсақ, ол кезде қызметкер 2 айлық еңбекақы көлемінде қаржы алады. Оған қоса, айлығы да жүріп отырады, - деді ол.    

Айта кету керек, өрт сөндіруші қызметіне жұмысқа орналасу үшін заңға енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты 11 қыркүйектен бастап тест тапсыру міндеттелмейтін болады.  

Азаматтық қорғау органдарына бойы 165 см-ден кем емес, әскери-дәрігерлік комиссиядан өткен, жасы 18-ден кіші 35-тен үлкен емес, орта мектепті бітірген, кәсіпкерлікпен айналыспайтын, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған кез келген Қазақстан азаматы жұмысқа қабылдана алады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы