Өрт сөндіру бөлімшелерінің жабылуына құтқарушылардың жұбайлары қарсы шықты
Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің жұбайлары президентке жүгініп, Щучинск пен Бурабай қалаларындағы өрт сөндіру бөлімшелерін жаппау жөнінде өтініш білдірді. Видеоүндеу әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамда кең резонанс тудырды. Осы жағдайға байланысты ҚР ТЖМ BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
Үндеуде әйелдер Бурабай ауданында, соның ішінде Щучинск қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімі бар, төрт бірдей өрт сөндіру бөлімшесін жабу туралы бұйрық шыққанын естігендерін айтады. Олардың сөзінше, бұл бөлімше халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші маңызға ие.
Бұл бөлімше Щучинск қаласының тұрғындары үшін өте маңызды. Мұнда пешпен жылытылатын тұрғын үйлер өте көп. Елді мекендер де аз емес. Егер күйеулеріміз басқа қалаларға, басқа аудандарға ауыстырылса, бұл – отбасымыздың шайқалуы. Ұрыс-керіс, дау-дамай басталады. Біз мұны мүлде қаламаймыз, – дейді үндеу авторлары.
Әлеуметтік желілерде бұл үндеу кең қолдауға ие болды. Қолданушылар бөлімшелер жабылған жағдайда өртті кім сөндіретінін сұрап, құтқарушыларды қысқартпауға шақыруда.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайға түсініктеме беріп, әңгіме толық қысқарту туралы емес, қайта бөлу жөнінде екенін атап өтті.
Ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар аясында Щучинск (ПЧ-5) және Бурабай (ПЧ-20) аудандарындағы өрт сөндіру бөлімшелерінің штат бірліктері Ақмола облысы ТЖД құрамына кіретін елорда маңындағы өрт сөндіру бөлімшелеріне қайта бөлінді, – деп хабарлады ведомство.
Министрлікте қысқартуға іліккен қызметкерлер жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшелеріне жұмысқа орналастырылатынын, бұл олардың тәжірибесі мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға мүмкіндік беретінін айтты. Ведомство дерегінше, жеке құрам ұйымдастыру-штаттық өзгерістер туралы алдын ала хабардар етіліп, жаңа бөлімшелерде қызметін жалғастыруға дайын екенін білдірген.
ТЖМ бұл шешім елорда маңындағы аудандарда халық санының артуымен байланысты екенін түсіндірді. Онда құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы мен кадрлық құрамын күшейту қажет. Ал Бурабай және Щучинск аудандарында, министрлік мәліметінше, өрт сөндіру бөлімшелеріне түсетін жүктеме айтарлықтай төмен болған. Мәселен, өткен жылы ПЧ-5 пен ПЧ-20 бөлімшелері өртке бар-жоғы 27 рет ғана шыққан, бұл жедел ресурстарды тиімді пайдалану мәселесін көтеруге негіз болған.
Сондай-ақ ПЧ-5 пен ПЧ-20 ғимараттарының тиісінше 1956 және 1961 жылдары пайдалануға берілгені, құрылыстардың тозуына байланысты апатты деп танылғаны атап өтілді. Бұл жеке құрам үшін әлеуетті қауіп төндіреді.
Министрлік бұған дейін Щучинск пен Бурабай (Боровое) аудандарында үш мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі салынғанын және толық жасақталғанын, қазіргі таңда олар бүкіл Щучинск–Бурабай курорттық аймағының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғанын қоса мәлімдеді.