Өрт сөндіру - абыройлы міндет
Қызыл жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі №1 Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушісі, “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталған Әділ Дауренқұловпен сұхбаттасқан еді.
– Өрт сөндіруші қызметіне қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауға не себеп болды?
– Мен бала кезімнен өрт сөндіруші болуды армандадым. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, құжаттарымды жинап, арманымды жүзеге асыруға бел байладым. Алматыда өрт сөндіруші қызметіне жас жігіттерді іріктеп жатқанын естіп, бағымды сынауға бекіндім. Өзім ауылда өскендіктен болар, сынақтардан сүрінбей өттім. 2018 жылы №1 Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері осы жерде жұмыс істеп келе жатқаныма 6 жылдан астам уақыт өтіпті. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызметкерлердің барлығы бір-біріне қамқор.
– Өмір мен өлім арасындағы оқиғаға тап болған кездеріңіз бар ма?
– Біздің жұмыс үнемі қызыл жалынның ортасында болғандықтан, қиындықтармен бетпе-бет келеміз. Біз әр күні кезекшілікке түскенде техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау тұралы сабақ өтеді. Менің өз басымнан бір жағдай өткен еді. Төле би көшесіндегі «Беккер» сауда дүкені қызыл жалынға оранған. Сол сәтте шатырды ашып, астынан су шашу керек деген бұйрық келді. Мен оны байқамай қалып, шатырға мінгенде, асты ашылып, аяғым тайып, ішке құлап кете жаздаған едім. Бұл оқиға әлі есімнен кетпейді. Сондай-ақ таулы аймақтарда өрттің шығуы өте қауіпті. Мәселен, ағаштардың астыңғы бөлігі өртеніп, төбеден құлауы мүмкін. Сол себепті әр сәтте ұқыпты, мұқият болу керек.
–Жұмысыңыздың бір күні қалай өтеді?
– Өрт сөндіру мамандарының жұмысы таңертеңгі сағат 8-ден басталады. Түнгі кезекшіліктен шыққан топ бекет қызметін екінші топқа табыс етеді. Таңғы 8:30-да тексеріс болады, Әнұран айтамыз. Бұдан әрі 9:30-12:00 сабақ өтеміз. Қауіпсіздік шараларын қолға аламыз. Жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдаймыз. Кез келген жағдайға дайын болу үшін, спортпен айналысып, денемізді ширатамыз. Практика мен теорияны ұштастырып, үнемі өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтаймыз. Кешкі уақытта техникалық құрал-саймандарды тексеріп отырамыз.
– Жұмыстағы ерекше сәттерді айта кетсеңіз.
– Бұл жерде ерлер қауымы басым. Барлығы бір-бірін сыйлайды. Қиын сәттерде қол ұшын береді. Бір үйдің баласындай болып кеттік десем, артық айтпағаным. Өрт сөндіруге шыққанда, кішкентай балалар “Біз де сіздер секілді өрт сөндіруші болғымыз келеді” деп ыстық ықыластарын білдіріп, фотоға түсіп жатады. Ал өрт кезінде үлкендер су әкеліп, бізді уайымдап, ерекше көңіл білдіреді. Жұмысымызды аяқтағаннан кейін алғысын білдіреді. Бұның барлығы адамды жігерлендіріп, күш береді. Бір кездері жұмыстың қиындығы мен ақшаның аздығынан жұмыстан шығып кеткім келген. Дегенмен адамдардың сенімі, көңілді жұбатады. Қазір жағдайымыз да жақсарды, еңбақымыз да көбейді.
– Өрт жиі неден болып жатады?
– Бізде көп пәтерлі үйлерде адамдар тамақ істеп, ұйықтап қалады. Осының әсерінен өрт шығуы мүмкін. Тоқты дұрыс жалғамаудың кесірінен оқыс оқиға болады. Ал жер үйлерде пештің дұрыс тазаланбауынан өрт шығады. Сондай-ақ адамдарға айтарым көппәтерлі үйде көліктерді дұрыс орналастыру қажет. Себебі үйдің маңайына кіре алмай, керек заттарды таси алмай қиналып қаламыз. Өрт кезінде 10-15 минуттың өзі маңызды. Кедергілердің әсерінен уақыт жоғалтып аламыз. Сол себептен өрт болған жағдайда айналадағы кедергі келтірмейтін жайттарды ескерген жөн.
- Әңгімеңізге рахмет!