Бүгiн 2026, 16:48 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Өрт қаупі күшейді: Бектенов әкімдерге қатаң талап қойды

Қазақстанда өрт қаупі артып келеді. Бектенов өңірлерге шұғыл тапсырма беріп, 50 мыңнан астам адам мен мыңдаған техника дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр өрт маусымы енді басталғанын атап өтіп, бірқатар өңірлерде орман және дала өрттері тіркеліп жатқанын, олардың табиғатқа айтарлықтай зиян келтіретінін айтты. Барлық қызметтердің жедел әрекет етуге толық дайын болуы керектігін тапсырды.

Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері елде 36 орман өрті тіркеліп, 794 гектар аумақты қамтыған. «Қазгидромет» болжамы бойынша көктем-жаз маусымы әдеттегіден 1-2 градусқа жылы болады, ал сәуірдің екінші жартысында кей өңірлерде ауа температурасы +35°C-қа дейін жетуі мүмкін, - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, табиғи өрттерге қарсы 50 мыңнан астам адам мен 11 мыңға жуық техника дайын. Сонымен қатар әуе күштері, ұшқышсыз аппараттар және тәулік бойы цифрлық мониторинг жүйелері жұмылдырылған.

Өңір әкімдері өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын баяндады. Көптеген облыста алдын алу шаралары күшейтіліп, ерте анықтау жүйелері енгізілуде. Абай облысында жыл басынан бері тіркелген екі орман өрті зардапсыз сөндірілген.

Үкімет өрттің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, аумақтарды құрғақ шөп пен қоқыстан тазарту, минералды жолақтар жасау, техника мен су көздерін дайындау жұмыстары бірқатар өңірде жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатқаны айтылды.

Отырысты қорытындылаған Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде авиапатрульдеуді күшейту, ұшқышсыз аппараттарды кеңінен қолдану, трансшекаралық оқу-жаттығулар өткізу, ерте анықтау жүйелерін дамыту және халық арасында түсіндіру жұмыстарын арттыру бар.

Барлық ұйымдастыру шараларын 20 сәуірге дейін аяқтау тапсырылды. Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Бұған дейін Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында "Семей орманында"  ЖИ арқылы өртті ерте анықтау жүйесін тексергенін хабарлаған едік. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Алакөлге 10 млрд теңге: Бектенов Абай облысындағы туризм жобаларын көрді