Өрт қауіпсіздігі. Зейнеткерлердің үйлеріне 600-ге жуық улы газ датчигі орнатылды
Павлодарлық төтеншеліктер аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлердің үйлеріне улы газды бірден анықтайтын 600-ге жуық датчик орнатып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, күн суыған кезеңде жекеменшік сектор тұрғындары пеш жағады. Ал жылыту құралы дұрыс орнатылмауы немесе апатты жағдайда болуы мүмкін. Салдарынан өрт шығып, улы газ таралуы мүмкін.
Құрылғылар тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы шеңберінде орнатылды. 253 датчикті салалық мекеме, ал 335 құрылғыны демеушілер есебінен ұсынылды. Айлық шеңберінде өрт қауіпсіздігі ережедері бойынша білім беру орындары да қамтылды. Мамандар 300-ге жуық дәріс ұйымдастырып, үш мыңнан астам азаматты қауіпсіздік ережелеріне оқытты. Сонымен қатар, тәжірибелік шаралар өткізілді, - дейді ТЖД өкілдері.
Кешенді шара барысында өрт сөндірушілер 17 мыңнан астам ауланы аралап, тұрғындармен кездесті.
Айта кетейік, Павлодар облысында өрттер 3,5 есе азайды. Былтыр 134 дерек тіркелсе, биылғы көрсеткіш – 28 оқиға. Өңірде 263 ауыл халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 59 өрт бекеті жұмыс істейді. Бұл елді мекендерде 100 мыңнан астам адам тұрады.