Өрт қауіпсіздігі: "Хан Шатыр", ЭКСПО сияқты нысандарға арнайы талап енгізілмек
Төтенше жағдайлар министрлігіне 28 метрден биік ғимараттар мен көпшілік жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігіне сәйкестік туралы қорытынды беру құзыреті берілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаппай адам жиналатын орындар мен биік ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай салу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл өрт қаупін арттырып, адамдардың өміріне қауіп төндіреді, - деді ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.
Оның сөзінше, "Хан Шатыр", ЭКСПО сияқты күрделі сәулет нысандары үшін жаңа техникалық шарттар әзірленеді. Бұл олардың өртке төзімділігін арттыруға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнатумен айналысатын ұйымдарға арнайы лицензия беру тәртібі күшейтіледі. Енді мұндай компанияларда білікті мамандар мен қажетті техникалық жабдықтар болуы тиіс. Бұл шара өрттен қорғау жүйелерінің сапасын жақсартып, қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған, - деп түсіндірді министр.
Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келген жағдайда жаппай адам жиналатын нысандарды сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл өзгеріс:
• Кәсіпкерлерді қауіпсіздік шараларын сақтауға ынталандырады.
• Өрт кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді.
Жаңа талаптар ірі ғимараттардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге, сондай-ақ адамдардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған.
Бұған дейін өрт сөндірушілер қызметте жарақаттанса, қандай көмек ала алатынын жазған болатынбыз.