Бүгiн 2026, 10:51 Фото: pixabay.com

Өрт пен жарылыс кезінде кім жауап береді? Заңгер пікірі

Биыл еліміздің бірнеше өңірінде ірі өрттер тіркеліп, газ құю бекеттері мен өндірістік нысандарда жарылыстар болды. Жаз мезгілінің басталуымен табиғи өрт қаупі де күшейіп отыр.

Қауіпсіздік мәселесі тек өртпен шектелмейді. Жол-көлік оқиғалары да адам өміріне төнетін негізгі қауіптердің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 796 адам қаза тапқан. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында республикалық маңызы бар автожолдардағы адам өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8%-ға азайғанымен, мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Осындай жағдайларда жауапкершілік кімге жүктеледі? Қарапайым азаматтың міндеті қандай? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сауалдарды заңгер Азамат Маратқа қойған еді.

Әрбір төтенше жағдайға жеке құқықтық баға беріледі

Төтенше жағдай кезінде көпшілік назарын құтқару қызметінің жұмысына аударады. Алайда заң алдында тек мемлекеттік органдар ғана емес, қарапайым азаматтардың да белгілі бір міндеттері бар. Заңгердің айтуынша, кез келген әрекет немесе әрекетсіздік құқықтық тұрғыдан бағалануы мүмкін.

Әрбір төтенше жағдай бойынша міндетті түрде тергеу жүргізіледі. Тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, техникалық ақаулардың болуы, жауапты тұлғалардың өз міндеттерін қалай орындағаны және оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болған-болмағаны жан-жақты зерттеледі. Сондықтан мұндай істерде жауапкершілік бір ғана адамға жүктеледі деу дұрыс емес. Егер бірнеше адамның кінәсі анықталса, әрқайсысының әрекетіне жеке құқықтық баға беріледі, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, газ құю бекеттерінде, өндіріс орындарында немесе көпқабатты тұрғын үйлерде болған жарылыстар кезінде тек нысан иесінің ғана емес, қауіпсіздікке жауапты мамандардың, техникалық қызмет көрсетушілердің және өзге де лауазымды тұлғалардың әрекеті тексеріледі.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу қандай жауапкершілікке әкеледі?

Көптеген төтенше жағдайдың негізгі себебі – қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Егер мұндай заңбұзушылық адам өліміне немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкелсе, онда кінәлі тұлғалардың әрекеті Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сараланады. Мұндай жағдайда кінәнің дәрежесін сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтайды.

Маманның сөзінше, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тек мекеме басшыларының емес, барлық азаматтың ортақ міндеті.

Төтенше жағдай кезінде азамат не істеуі керек?

Төтенше жағдай кезінде көп адам абдырап, не істерін білмей қалады. Бірі оқиға орнына жақындайды, енді бірі болған жағдайды видеоға түсіруге асығады. Алайда заңгер ең алдымен арнайы қызметтерге хабар беру қажет екенін айтады.

Азамат алдымен өзінің және айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Егер мүмкіндік болса, 101 немесе 112 қызметіне дереу хабарласып, нақты ақпарат берген жөн. Сонымен қатар құтқарушылардың заңды талаптарын орындап, олардың жұмысына кедергі келтірмеу қажет. Кейбір адамдар қоршаудан өтіп кетеді немесе арнайы техниканың қозғалысына бөгет жасайды. Мұндай әрекеттер өзге адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін, – дейді заңгер.

Газ құю бекетіндегі жарылысқа кім жауап береді?

Соңғы уақытта жанармай және газ құю бекеттерінде болған жарылыстар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік мұндай жағдайда жауапкершілікті бірден кәсіпкерге жүктеуге бейім.

Алайда заңгердің айтуынша, нақты жауапты тұлға тек тергеу қорытындысы бойынша анықталады.

Газ құю бекетіндегі немесе өндірістік нысандағы жарылысты тергеу кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуы, жабдықтардың техникалық жағдайы, қызметкерлердің нұсқаулықтарды орындауы және өндірістік бақылаудың ұйымдастырылуы толық зерттеледі. Егер қауіпсіздік талаптарын бірнеше адам бұзғаны анықталса, олардың әрқайсысы заң алдында жауап береді. Сондықтан барлық жауапкершілікті бір ғана адамға арту дұрыс емес, – дейді ол.

Видео түсіру көмек көрсетумен тең емес

Төтенше жағдай кезінде адамдардың оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялауға асығатыны жасырын емес, Заңгердің пікірінше, мұндай әрекет кей жағдайда құтқару жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.

Заң ешкімді кәсіби құтқарушы сияқты әрекет етуге міндеттемейді. Бірақ әр азамат арнайы қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс. Егер адамның әрекеті құтқару операциясын қиындатып немесе өзге азаматтардың өміріне қауіп төндірсе, оның құқықтық салдары болуы мүмкін, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, кез келген төтенше жағдайдың алдын алуда заңнан бұрын азаматтардың жауапкершілік мәдениеті маңызды.

Көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді. Ол үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау, заңды білу және төтенше жағдайда сабырмен әрекет ету қажет. Әр азамат өзінің құқықтарымен қатар міндеттерін де түсінуі тиіс. Өйткені бір адамның жауапсыз әрекеті ондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін, – деп түйіндеді Азамат Марат.

Заңгер төтенше жағдай кезінде ең бастысы – қауіпсіздік талаптарын сақтау, құзырлы органдарға дер кезінде хабар беру, құтқарушылардың заңды талаптарын орындау және тек ресми ақпаратқа сүйену керектігін айтады. Осындай қарапайым қағидаларды сақтау көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.