Өршіп кеткен мәселені дереу тоқтату керек: Депутат ЛГБТ-ға қатысты ойын айтты
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы қоғамда қызу талқыланып жатқан заң жобасына қатысты ойын айтты. Оның айтуынша, бұл құжаттың басты бөлігі – архив ісін реттеу мен архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған, ал ЛГБТ жөніндегі норма қосымша, балаларды қорғауға арналған тармақтардың бірі ғана, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді сіздер мұқият назар аударсаңыздар, бұл жаңа ақпарат құралдарында да айтылып жатыр. ЛГБТ туралы деп шулап жатыр, бірақ бұл ЛГБТ туралы заң емес. Бұл ең бірінші – архив туралы заң жобасы. Онда екі үлкен архивке ұлттық мәртебе беру, архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен айлығын жақсарту көзделген, - деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі архивтерде жағдай өте қиын, көптеген тарихи құжаттар сақталмай, жойылып кету қаупінде тұр.
Біздің архивтер мүлдем қорғалмаған. Тіпті судың астында, Сыр өңірінде талай құжаттар шіріп жатыр, жоғалып жатыр. Егер ертеңге сенімді қадам басқымыз келсе, бүгін архив саласын реттеуіміз керек. Сол жерде сақталуға тиіс патша үкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтауға арналған том-том құжаттар бар. Бірақ оларды сақтайтын орынның өзі дайын емес, - деді Аралбайұлы.
Депутат архив саласындағы тағы бір маңызды мәселе - кадр тапшылығы екенін де қоса кетті.
Қазір архивтерде көбінесе зейнет жасындағы азаматтар жұмыс істейді, өйткені жастар келмейді. Себебі әлеуметтік жағдайы дұрыс жасалмаған. Осы заң жобасы осының бәрін шешуге бағытталған, - деп айтты депутат Мәжіліс кулуарында.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, заң жобасында қарастырылған ЛГБТ жөніндегі норма – заңның негізгі бөлігі емес, бірақ қоғам үшін маңызды бөлік.
Бұл жерде ЛГБТ туралы норма қосымша ретінде енгізілген. Мәжілістегі барлық депутаттар бірауыздан қолдады. Бұл – біздің болашақ ұрпағымызды, балаларымызды қорғауға арналған норма. Яғни дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттауға толықтай тыйым салынады, - деді депутат.
Ол мектептер мен жоғары оқу орындарында, қоғамдық орындар мен бұқаралық ақпарат құралдарында дәстүрлі емес құндылықтарды еркін насихаттау фактілері болғанын атап өтті.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында, БАҚ-та, интернетте, қоғамдық орындарда мұндай насихат жүріп жатыр. Өз балаларыңызға осындай үгіттің болғанын қалайсыз ба? Әрине, жоқ. Біз де қаламаймыз. Халық та қаламайды, - деді ол.
Депутат бұл бастамаға қоғам тарапынан үлкен қолдау болғанын да еске салды.
Былтыр осы мәселеге байланысты 50 мыңнан астам азамат қол қойған петиция болды. Бұл республикалық деңгейде талқыланды. Арнайы комиссия құрылып, халықтың пікірін зерттеді. ЛГБТ өкілдерінің жариялаған бейнероликтері мен насихаттық материалдары сарапталды. Олардың балалар мен жастардың психикасына әсері зерттелді. Осыдан кейін ғана норма ресми түрде ұсынылып, бекітілді, - деді Аралбайұлы.
Оның айтуынша, бұған дейін мұндай тыйымның болмауы – қоғамда ондай проблема жоқ болуымен байланысты болған, бірақ қазір жағдай өзгерген.
Бұрын мұндай тыйым болған жоқ, себебі ондай мәселе де болған жоқ. Ал қазір ол өршіп кеткендіктен, біз дереу тоқтатуымыз керек. Бұл дәстүрлі емес құндылықтарды жарнамалауға жол бермеу үшін жасалған шара, - деді депутат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауды шектеу бойынша заң жобасын қорғап, бұл құбылыстың жасөспірімдерге психологиялық және рухани зиян келтіріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, біз түгілі Американың өзі ЛГБТ сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды.
Сондай-ақ, жаңа заң бойынша ЛГБТ насихатына қандай шектеу енгізілетінін де жаздық. Қазақстанда ЛГБТ мен педофилия бойынша заң бұзғандарды қандай жаза күтіп тұрғаны да хабарланды.