"Жұмысқа орналастырамын" деп алдап жиған ақшасы 13 млн-ға жеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы полицейлері "жұмысқа орналастырамын" деп, 30-ға тарта тұрғынды алдаған алаяқ әйелді ұстады.

Мақтаарал АПБ-не бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушілердің бірін жақсы таныс емес әйел сеніміне кіріп, кез келген мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп алдаған . Алаяққа сенген тұрғын ұлы мен күйеубаласын жұмысқа тұрғызу үшін әйелге 1,5 миллион теңгеге жуық ақшасын беріп, жер сипап қалған.

Қалған арызданушылардың басым бөлігінің айтуынша, алаяқ әйел "Мен мүгедек балаларды оңалту орталығын ашайын деп едім. Соған медбике, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, техникалық қызметкер етіп жұмысқа қабылдаймын, әр жұмысқа тұрудың өзіндік бағалары бар" екенін айтып, біреуінен 500 000, келесісінен 600 000, кейбірінен 350 000 теңге алып отырған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, тұрғындарды арбауына түсірген алаяқ әйелді ұстауға қажетті шаралар жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, 5 күн ішінде ұсталды. Ол Мақтаарал ауданында туылып, 15 жыл алдын Шымкент қаласына көшіп кеткен егде жастағы әйел болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады - делінген хабарламада.

Тергеу барысында анықталғандай, ол осылай алаяқтық жолмен 30-ға жуық тұрғынды алдаған. Жәбірленушінің барлығына келтірілген шығын көлемі 13 000 000-нан астам теңгені құрады.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Жұмысқа тұруға ақша бергенде, алғанда заңға қайшы екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы