Ормуз бұғазындағы тәуекел сақталып тұр: Қазақстан экономикасына әсері қандай?
Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай нарығын тағы да дүрліктірді. Алайда сарапшылар толыққанды энергетикалық дағдарыс болған жоқ деп есептейді. Ормуз бұғазы маңындағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді және мұнай бағасы алдағы айларда қай деңгейде болады?
Иран мен АҚШ арасындағы текетірес әлемдік мұнай нарығының басты тақырыбына айналды. Ормуз бұғазының жабылуы мүмкін деген қауіп мұнай бағасын көтеріп жібергенімен, көп ұзамай нарық қайта сабасына түсті. Дегенмен сарапшылар бұл тыныштықтың қаншалықты ұзаққа созылатынына қатысты әртүрлі пікір айтады. BAQ.KZ тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Ормуз бұғазының тәуекелі әлі толық сейілген жоқ
Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай тасымалының елеулі бөлігі өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шиеленіс мұнай бағасына бірден әсер етеді. Соңғы күндері де нарықтағы басты назар осы өңірге ауды.
“NAC Analytica” қоғамдық қорының басқарма төрағасы, экономист Расул Рысмамбетов мұнай бағасының қазіргі деңгейі Қазақстан үшін қолайлы болғанымен, нарықтағы тәуекелдер толық жойылған жоқ деп есептейді.
Әзірге бағаның күрт төмендеп жатқанын көріп тұрған жоқпын. Қазір мұнай бағасы барреліне 70 доллардан жоғары деңгейде, шамамен 70 пен 80 доллардың аралығында. Жалпы алғанда, бұл Қазақстан үшін қолайлы деңгей. Сондықтан баға күрт құлдырайды деуге негіз жоқ. АҚШ пен Иран арасындағы соңғы келіссөздердің тарихына қарап айтсам, Ормуз бұғазы тәуекел аймағынан толық шығып кетті деу қиын. Мұндай оптимизм әзірге өзін ақтай қоймайды. Әрине, мұнайдың қымбат болғаны Қазақстан үшін тиімді. Бірақ бізге Ормуз бұғазындағы шиеленіс салдарынан уақытша көтерілген баға емес, тұрақты әрі жоғары базалық баға қажет, - деді экономист.
Өйткені Ормуз бұғазы арқылы тек мұнай ғана емес, басқа да көптеген тауар тасымалданады. Сондықтан бұл аймақтағы тұрақсыздық пен соған байланысты мұнай бағасының құбылуы әлемдік нарық үшін де маңызды фактор болып қала береді.
Жалпы алғанда, біз Таяу Шығыста соғыс болмағанын, барлық мәселе бейбіт келіссөздер арқылы шешілгенін қалаймыз. Оның үстіне Қазақстанның Парсы шығанағында өзінің терминалын салуға арналған жер учаскесін алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Теңге бағамы мен бюджет кірістерінің мұнай бағасына тәуелділігі әлі де сақталып отыр. Сондықтан Қазақстан үшін мұнайдың барреліне 80 доллардан жоғары тұрғаны әлдеқайда қолайлы әрі тиімді. Меніңше, жақын уақытта өңірде тағы да қандай да бір шиеленіс туындауы мүмкін. Соның салдарынан жаңа қиындықтар пайда болуы ғажап емес, - деп пайымдады Расул Рысмамбетов.
Айтуынша, халықаралық инвесторлардың Иран мен Ормуз бұғазы төңірегіндегі оқиғаларға көзқарасына келсек, аймақта кем дегенде бір ай бойы тыныштық орнамаса, инвесторлар сақтық таныта береді. Бір-екі апталық уақытша тыныштық олардың ұстанымын өзгерте қоймайды.
Кем дегенде бір-екі ай, тіпті үш ай бойы Ормуз бұғазында тұрақтылық сақталса ғана, оны шын мәніндегі ұзақмерзімді келісімнің нәтижесі деп бағалауға болады. Қазір мұнай экспорттайтын көптеген мемлекеттер жоғары баға кезеңін резервтерін толықтыру үшін пайдаланып жатыр. Бізде де мұнайдан бөлек тағы бір маңызды ресурс бар — алтын өндіру қарқынды жүріп жатыр, - деді ол.
Ұлттық банк алтын қорын жинақтап, кейін оны нарыққа шығару арқылы қосымша мүмкіндікке ие болып отыр. Сондықтан қазіргі жағдайда мұнай бағасы төмендегеннің өзінде еліміздің беріктік қоры жеткілікті.
Менің ойымша, Қазақстан алдағы екі-үш жыл ішінде мұндай турбулентті кезеңдерді айтарлықтай қиындықсыз еңсере алады, – дейді сарапшы.
Ормуз төңірегіндегі шиеленіс нарық үшін тосынсый емес
Дегенмен мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов жағдайға сәл өзгеше қарайды. Оның пікірінше, соңғы айларда қалыптасқан тәуекелдердің басым бөлігі мұнай бағасына алдын ала енгізілген.
Ақпан айының соңында мұнай бағасы барреліне 73 долларға дейін көтерілгені есіңізде шығар. Сол кезде мен бұл бағаға геосаяси тәуекелдер әлдеқашан енгізілгенін айтқан болатынмын. Әлемнің әр түкпірінен үлкен әскери күштің жиналуы нарық үшін күтпеген жағдай болған жоқ.
Әрине, қақтығыс бірнеше аптаға ғана созылады деген болжам болды. Сондықтан сол кездегі бағаға жеткізілімдегі қысқа мерзімді тәуекелдер енгізілді. Бірақ кейін қақтығыс күткеннен ұзаққа созылды.
Соған қарамастан, мұнай нарығы үшін ауқымды күйзеліс болған жоқ. Себебі әлемнің ірі экономикаларында жеткілікті қор бар. Халықаралық энергетикалық агенттік елдерінің стратегиялық және коммерциялық қорларында төрт миллиард баррельден астам мұнай сақталған. Бұл толық тоқтау болған жағдайда екі айдан астам уақытқа жетеді, - деді сарапшы.
Оған қоса, Ормуз бұғазы толық жабылған жоқ. Түрлі мониторингтік жүйелер де, халықаралық агенттіктер де танкерлер қозғалысының жалғасқанын көрсетті. Әмірліктер мен Сауд Арабиясының балама бағыттары арқылы жеткізілімнің бір бөлігі қайта бағдарланды.
ОПЕК мәліметтері бойынша, тасымал көлемі қысқарғанымен, толық тоқтау орын алған жоқ. Сондықтан қазіргі жағдайды толыққанды мұнай дағдарысы деп айтуға ерте.
Меніңше, алдағы алты айда мұнай бағасы 70-80 доллар аралығында қалыптасады. Өйткені белгілі бір инфрақұрылымдық нысандар зақымданды, оларды қалпына келтіруге уақыт керек. Қазақстан үшін бұл жағдайдың әсері жалпы алғанда бейтарап болды. Мұнай бағасының өсуі белгілі бір пайда әкелді, бірақ биылғы бес айда мұнай өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға төмендеді. Сондықтан бағаның өсуінен түскен пайда өндірістің төмендеуінен болған шығынмен шамамен теңесіп тұр, – дейді Олжас Байділдинов.
Түркиялық сарапшы: Болашақта басты өзгеріс мұнайда емес, энергетикада болады
Түркиялық саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Арас Ормуз бұғазы қаншалықты маңызды болғанымен, әлемнің энергетикалық трансформация кезеңіне қадам басқанын айтады.
Ормуз бұғазының геосаяси тұрғыдан маңызы өте жоғары және ол ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Бірақ өңірдегі дағдарыстар бүгін басталған жоқ. Иран-Ирак соғысынан бері бұл аймақ әлемдік саясаттың басты нүктелерінің бірі болып келеді. Сондықтан қазіргі нарықтағы құбылмалылықты шамадан тыс асыра бағалаудың қажеті жоқ. Қазір әлем қазба отындарға тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр. Электр энергиясының маңызы артып, гидроэнергетика, күн және басқа да баламалы қуат көздері қарқынды дамып келеді. Әлемде энергияға сұраныс жоғары болғандықтан, оны қамтамасыз етудің жаңа жолдары іздестірілуде. Түркия да соңғы онжылдықтарда түрлі өңірлік дағдарыстардың ортасында өмір сүріп келе жатқанымен, тұрақтылықты сақтаудың маңызын жақсы түсінеді. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті, - дейді халықаралық сарапшы.
Сондай-ақ ол болашақты бүгіннен ойлау қажеттігін алға тартты.
Қазақстанның мұнайы мен газы жеткілікті. Дегенмен болашақты бүгіннен ойлау қажет. Баламалы энергия көздері бойынша жобаларды қазірден бастап дамыту маңызды. Өйткені алдағы ондаған жылда қазба отындардың әлемдік энергетикадағы үлесі біртіндеп төмендей береді. Сондықтан ұзақмерзімді перспективада мұнай бағасы да қазіргі деңгейде қалмауы мүмкін, – дейді Бахтияр Мурат Арас.
Қазақстан үшін басты қорытынды қандай?
Сарапшылардың бағалауынша, Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс әзірге толық аяқталған жоқ. Дегенмен әлемдік нарықтар бұл жолы ауқымды энергетикалық дағдарысқа жол берген жоқ.
Қазіргі жағдайда мұнай бағасы Қазақстан үшін қолайлы деңгейде қалып отыр. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайдың қалай өрбитініне қатысты сұрақ әлі көп.
Мұнай бағасының өсуі бюджетке белгілі бір қолдау болғанымен, өндіріс көлемінің төмендеуі бұл артықшылықты толық пайдалануға мүмкіндік бермеді.
Сондықтан алдағы айларда нарықтың назары мұнай бағасынан бөлек, Таяу Шығыстағы ахуалдың қалай өзгеретініне де аударылмақ.