Бүгiн 2026, 09:26 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ормуз бұғазындағы шиеленіс күшейді: Мұнай бағасы тағы өсе ме?

Мұнай нарығын мазасыз апта күтіп тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилер маңызды Харг аралындағы әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Bloomberg таратқан мәліметке сәйкес, егер Тегеран Ормуз бұғазы арқылы мұнай транзитіне кедергі келтірсе, шабуылдарды энергетикалық инфрақұрылымға дейін кеңейтетміз деп отыр. Харг аралы Тегеран үшін өмірлік маңызы бар нысан саналады, өйткені елге мұнай жеткізілімдерінің басым бөлігі дәл осы жер арқылы өтеді.

Соққы жасалғанын жариялай отырып, президент Трамп аралдағы әскери нысандар «жойылғанын» айтты. Бұған жауап ретінде Иранның Fars News ақпарат агенттігі шабуылдан кейін экспорттың әдеттегі режимде жалғасып жатқанын хабарлады. Соған қарамастан бұл жаңалықтар трейдерлерді алаңдатты. Кеше Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 107 доллардан асты, ал бір апта ішінде 11 пайызға қымбаттады.

Харг аралының әлемдік энергиямен қамту жүйесі үшін маңызын ескерсек, нарықтар соңғы оқиғаларға оң көзқарас таныта қояды деп ойламаймын. Апта тағы да мазасыз басталуы мүмкін деп күтемін, - деді КСМ Trade компаниясының нарық жөніндегі бас талдаушысы Тим Уотерер.

Ал UBS Group AG компаниясының шикізат нарығы бойынша сарапшысы Джованни Стауново Ормуз бұғазы арқылы тасымал әлі де шектеулі болып отырғандықтан, мұнай бағасы одан әрі өсуі мүмкін деп болжайды.

Сонымен қатар Иранның Таяу Шығыс елдерінің мұнай инфрақұрылымына жасаған шабуылдары да жалғасып жатыр. Мәселен, сенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінде дрон Фуджейрадағы мұнай тиеу аймағына соққы жасаған.