Ормуз бұғазындағы шабуылдар: сегіз теңізші қаза тапты
Иран бұғаздағы кеме қатынасына кедергі келтіруді жалғастыратынын мәлімдеген.
Иран кемелерінің шабуылдары салдарынан Ормуз бұғазы аймағында кемінде сегіз теңізші қаза тауып, мыңдаған адам күнкөріс көзінен айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
BBC News мәліметінше, қақтығыс басталғалы бері тағы үш теңізші Mayuree Naree жүк кемесіне жасалған шабуылдан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен.
Иран бұғаздағы кеме қатынасына кедергі келтіруді жалғастыратынын мәлімдеген. Соның салдарынан Парсы шығанағында шамамен 20 мыңға жуық теңізші кемелерде қалып қойған.
Теңізшілердің қауіпсіздігі мәселесі келесі аптада International Maritime Organization ұйымының отырысында талқыланбақ. Лондонда өтетін шұғыл жиынды Египет, Франция, Катар, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания бастамашылық еткен.
Алайда сарапшылардың пікірінше, дипломатиялық қысым мен айыптау мәлімдемелерінен бөлек, ұйымның нақты әрекет ету мүмкіндігі шектеулі. Қазіргі кезде теңіз ұйымы кемелерде қалған теңізшілерді жабдықтармен және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруге тырысып жатыр.