10 Шілде 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ормуз бұғазы жабылса, Қазақстанға пайда бар ма? Халықаралық сарапшы түсіндірді 

Сарапшы Анкарадағы саммитте талқыланған мәселелерді талдады.

Анкарада өткен саммитте НАТО Украинаға жылына 70 миллиард долларға дейін көмек беру туралы шешім қабылдады. Ол көмек келесі жылы да беріледі. Одан бөлек, саммитте НАТО мәселесі, АҚШ - Иран қақтығысы мен Ормуз бұғазының бұғатталуы да талқыланды. Халықаралық сарапшы Руслан Мақсат BAQ.KZ тілшісі Олжас Адайға берген сұхбатында саммитте талқыланған мәселелерді талдап, Ормуз бұғазының жабылуынан Қазақстан қандай сабақ алуы керегін түсіндірді. 

НАТО-ның Украинаға көмегі

Руслан Мақсаттың сөзінше, НАТО-ның Украинаға көмек беруі бұл ең алдымен АҚШ-тың Украинаға жасаған геосаяси бәсі. 

2026 жылы соғыс маятнигі Украина жаққа ауысты. Енді биылдан бастап Украина бұл майданда жеңімпаз деп айтуға болады. Вашингтон әрқашан жеңімпаз қатарында болғысы келеді. Ресейдің жанармай тапшылығы секілді ішкі проблемаларын ескере отырып, АҚШ қарқынды әскери көмек арқылы Мәскеуді алдағы екі жылда әскери қимылдарды тоқтатуға мәжбүрлеуге үміттеніп отыр. Бірақ мен бұл сценарийге қатты сенбеймін, - дейді маман. 

Сарапшының сөзінше, себебі бірнеше фактор бар. Біріншіден, Украина әскерінің шаршау факторы бар. 

Екіншіден, Ресейдегі ықтимал мобилизация. Сыбыстар бойынша, Ресейдегі Дума сайлауынан кейін жаңа мобилизация басталуы мүмкін. Осы факторды ескерсек, Ресейді келісімге келуге мәжбүрлеуге әлі мүмкіндік жоқ, - дейді сарапшы. 

НАТО ішіндегі қарама-қайшылық 

Руслан Мақсаттың сөзінше, НАТО-ның ішіндегі қарама қайшылықтар бір жылда пайда болған дүние емес. 

Трамп жақында НАТО елдерінің қорғанысқа бөлетін қаржының тізімін жариялады. Сол тізімде Еуропа бұл салаға өте аз ақша салатыны көрсетілген. Мысалы Испанияның бұған қатысты саясаты дербес болатын. Себебі олар оқшауланған саясат ұстанғысы келетін. Географиялық тұрғыдан қарағанда олар үшін қауіп аз. Испания альянстан шығып кетсе де қауіп жоқ. Бірақ ұйым ішінде расымен ауызбіршілік жоқ, - дейді сарапшы. 

Маманның сөзінше, келешекте НАТО-ның дәл қазіргі форматта өмір сүруі тек уақыт еншісінде. 

Иран мәселесі 

Трамп "Иранмен келіссөз еш нәтиже бермеді" деп мәлімдеген болатын. Сарапшының сөзінше, бұл Трамптың Иранды келіссөз үстеліне күштеп отырғызу тактикасы. 

Егер АҚШ шынымен де Иранмен нағыз соғысқысы келсе инфрақұрылымды талқандап, келесі Аятолланың көзін жойып, арнайы жасақты ірі қалаларға кіргізер еді. Бірақ бұлай болып жатқан жоқ. Себебі үстел үстінде Қытайға соққы беру саясаты тұр деп ойлаймын. Бұл соғыстың мақсаты мұнай нарығындағы ережені қайта орнату болған, - дейді сарапшы.

Ормуз бұғазы жабылса… 

Руслан Мақсаттың сөзінше, дәл қазір Ормуз бұғазын жабу мәселесі саяси мәселеге айналған. Себебі Иранның қолына Ормуз бұғазын жабу үшін барлық құрал бар. 

Қазір флоты болмаса да дрондар арқылы танкерлерге шабуыл жасап жатыр. Бірақ АҚШ-тың Ормуз бұғазынан тарайтын мұнайға тәуелдігі аз.  Иран Ормұз бұғазын бұғаттағанда одан зардап шегетін тек Азия елдері. Сонымен қатар, Иран Ормуз бұғазын жапса, Америка Үнді мұхиты жағынан Иранға бұғат жасайды. Сондықтан Ормуз бұғазын жабу Иранның өз аяғын шабумен тең, - дейді маман. 

Сарапшы бұл жағдайдың Қазақстанға қаншалық тиімді болатынын айтты. 

Brent маркалы мұнайының көтерілуі біздің бюджеттік кірістерге үлкен әсер етеді. Себебі жоспар бойынша 60-70 доллар деп есептесек, қазір 100-ге жетсе, біз үшін 1,5 есе көп пайда әкеледі. Бірақ қауіп-қатер де бар. Біріншісі - Ормуз бұғазының бұғатталуынан әлемдік инфляция көтеріледі. Ол Қазақстанға да, бүкіл елге де әсер етуі мүмкін. Әсер етіп те жатыр. Екіншіден, осы жағдайдан өзіне сабақ ретінде үйренетін нәрсе - Қазақстан бір бағытқа қарап қалмау керек. Өзімізде мұндай жағдай болса не істейтімізді қазірден батап ойлануымыз керек, - деп түйіндеді сарапшы.