Бүгiн 2026, 13:25 Фото: pixabay.com

Ормуз бұғазы жабылды: Иран кемелердің өтуіне тыйым салды

Ирандық БАҚ мәліметінше, Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері арнайы хабарлама шыққанға дейін Ормуз бұғазы арқылы ешбір кемені өткізбейтінін мәлімдеген.

Ормуз бұғазы барлық кемелер үшін әлі де жабық күйінде қалып отыр. Бұл туралы Иранның Fars ақпарат агенттігі аты-жөні жарияланбаған әскери дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Мәлімдемеде Ормуз бұғазының жабық екені және Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері қосымша хабарлама жасағанға дейін бірде-бір кемеге бұғаз арқылы өтуге рұқсат берілмейтіні айтылған.

Бұған дейін Иран Қарулы күштерінің әскери операцияларға жауапты «Хатем әл-Анбия» орталық штабы АҚШ қабылданған меморандум бойынша өз міндеттемелерін орындамағанын және Израильдің Ливан аумағына соққыларын жалғастырып жатқанын алға тартып, Ормуз бұғазының кеме қатынасы үшін жабылғанын жариялаған болатын.

Иран мен АҚШ арасындағы меморандум

Иран мен АҚШ 14 маусымда Пәкістанның арағайындығымен өткен келіссөздер аясында соғысты тоқтату және келіспеушіліктерді келіссөз арқылы реттеуді көздейтін 14 тармақтан тұратын меморандумға қол жеткізгенін мәлімдеді.

«Исламабад меморандумы» деп аталған құжатқа Иран президенті Масуд Пезешкиан мен АҚШ президенті Дональд Трамп 18 маусымда цифрлық форматта қол қойып, құжат күшіне енген.

Меморандумда соғысты тоқтату, оның ішінде Ливандағы қақтығысты доғару, Ормуз бұғазын ашу және АҚШ-тың Иранға қарсы теңіз блокадасын алып тастау жөніндегі тармақтар қамтылған.

Израильдің Ливанға соққылары және атысты тоқтату режимі

Израиль әскері 2 наурыздан бастап Ливан аумағына қарқынды әуе шабуылдарын жүргізіп, елдің оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенді бақылауға алған.

Ливан үкіметінің мәліметінше, осы кезеңде ел ішіндегі босқындар саны 1 миллион адамнан асқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп 24 сәуірде Ливан мен Израиль арасында 17 сәуірден бастап күшіне енген 10 күндік уақытша бітім тағы үш аптаға ұзартылғанын мәлімдеген.

14–15 мамыр күндері АҚШ-тың арағайындығымен өткен Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша 17 мамырдан бастап атысты тоқтату режимін тағы 45 күнге ұзарту туралы шешім қабылданған.