16 Тамыз 2026, 11:48 Фото: istockphoto.com

Ормуз бұғазы ашыла ма: Иран мен Оман маңызды келісімге жақындады

Тегеран мен Маскат бұғаз арқылы өтетін теңіз бағыттарының картасын келісті.

Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Багаи Тегеран мен Маскат арасында Ормуз бұғазына қатысты келіссөздерде ілгерілеу бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, консультациялар «оң әрі сындарлы» жағдайда өтіп жатыр.

Багаидің сөзінше, Иран мен Оман бұғаз арқылы кемелер жүретін теңіз бағыттарын айқындайтын карта бойынша келісімге келді. Алайда тараптардың бірлескен мәлімдемесіне қатысты техникалық мәселелер әлі де пысықталып жатыр.

Багаи сондай-ақ Вашингтонды келіссөз процесіне кедергі келтіріп отыр деп айыптады.

Иран мен Оман арасындағы келіссөздер Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс әлі де сақталып отырған тұста өтіп жатыр. Бұған дейін Тегеран стратегиялық маңызы бар су жолын толық ашу үшін АҚШ бірқатар шартты орындауы керек екенін мәлімдеген.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади 5 тамызда Оманмен келіссөздердің қорытынды кезеңге өткенін хабарлады. Оның айтуынша, екі айдан төрт айға дейін жұмыс істеуі мүмкін уақытша бағыт құру мәселесі талқыланып жатыр.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де Тегеран мен Маскаттың кеме қатынасының жаңа тәртібі бойынша келісімге келуге жақын екенін мәлімдеді. Алайда Ормуз бұғазының ашылуы Вашингтонның Иран қойған өзге де шарттарды орындауына байланысты болмақ.

Ормуз бұғазы – әлемдегі энергия ресурстарын тасымалдайтын негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан ондағы кеме қатынасына қатысты жағдай халықаралық нарықтар мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды.