Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығаяды
Ертіс өңіріндегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бұл жұмыс орман шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізіледі. Техникалық базаны жаңарту кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы «Ертіс орманы» резерватына 13 трактор сатып алынды. 40-қа жуық ағаш отырғызылды, төрт жүк көлігі алынды.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаевтың айтуынша, биыл орман өрттерін ерте анықтайтын құрылғыларды сатып алуға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
Бұл техника тілсіз жаудың пайда болуын ерте кезеңде анықтап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Камералардың көмегімен өрт туралы ақпарат жақын маңдағы орман шаруашылықтарының диспетчерлік бекеттеріне бірден түседі. Республикалық меншіктегі табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жабдықталуы 75%, ал облыс қарамағындағы мекемелерддегі көрсеткіш 62% болып отыр . Бүгінде орман қорғау нысандарының қарамағында 43 өрт сөндіру техникасы бар, - дейді Руслан Түлепбаев.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбарасыр Сағын Төлеутаевтің айтуынша, өткен жылы облыстық әкімдік жанындағы орман мекемелеріне бір-бір дроннан сатып алынды.
Биыл өрт сөндіру көліктерін сатып алу жоспарланған. Көрші облыстағы жағдайды ескере отырып, осы жылдың аяғына дейін 10 шағын өрт сөндіру кешенін, 95 мотоцикл және қосымша алты өрт сөндіру машинасы әкелінбек. Осылайша, жабдықтау деңгейі 87%-ға көтеру жоспарланған, - дейді Сағын Төлеутаев.