Орман шаруашылығының экс-басшысы алапат өрт үшін 21 млрд төлеуге міндеттелді
«Басаман» орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы Ж., өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, өрт қаупі жоғары кезеңде жазғы уақытта Қостанай облысының орман қоры аумағында адамдардың болуына белгіленген тыйымға қарамастан, жеке бригаданың орманда болуына, орман және ағаш кесу жұмыстарын жүргізуге заңсыз рұқсат берген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соның салдарынан 2022 жылдың 2 қыркүйегінде бригадалардың құрал-жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуінен Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумақтарын, сондай-ақ Әулиекөл ауданының Аманқарағай және Озерное ауылдарын шарпыған ауқымды өрт шыққан.
Қостанай қалалық соты уәкілетті органның Ж.-ға және оның зайыбы Д.-дан мемлекетке келтірілген зиянды өтеу, мүлікті ортақ үлестік меншік деп тану және Ж.-ның ½ үлесін өндіріп алу туралы талап қоюын қарады. Бұған дейін Қостанай облыстық соты Ж.-ны ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқаруға тыйым салумен 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, - делінген хабарламада.
Сотта Ж.-ның заңсыз рұқсатымен орманда ағаш кесушілердің жұмысы ірі көлемде өрттің шығуына әкеліп соғып, оның салдарынан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі зардап шегіп, 32 мың гектардан астам орман алқабы жойылған.
Сот талап қоюды ішінара қанағаттандырды: жауапкерден мемлекет кірісіне 21 млрд 436 млн теңге, облыстық бюджетке – 18 млрд теңге және аудандық бюджетке – 326 млн теңге залал өндірілді. Сот зайыбы Д.-дан ортақ үлестік меншікті құру және ½ үлесті өндіріп алу туралы талапты мерзімінен бұрын қойылған деп санады, - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.