Орман қорын ұлғайту. 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр
Ертіс өңірінде орман қорын ұлғайту бойынша 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаевтың айтуынша, бес жыл ішінде орман қорының 19 мың гектарында 106 млн ағаш отырғызу жоспарланған.
Өткен екі жыл ішінде бұл жоспардың 32%-ы орындалды. Өткен жылы мемлекеттік қор аумағында 16 млн 800 мың дана қарағай көшеті салынды. Ал биыл 1400 гектарлық аумаққа қылқанжапырақтылар отырғызылды. Шаралар күзге дейін жүргізіледі. Ағаш отырғызу жұмыстарына бақылау жүргізіледі. Әзірге ешқандай кемшіліктер тіркелмеді. Нормалар сақталған, - дейді мекеме басшысы.
Өңірде орман қорын сапалы тұқыммен қамтумен үш бақ айналысады. Алты гектар жерді алып жатқан тұқымбақтарда 615 келі тұқым отырғызылды. Жоспар бойынша 2 млн 300 мың екпе дақылы өсіп шығуы керек.
Жоспарды іске асыру шеңберінде материалдық-техникалық жабдықталуды нығайту мақсатында былтырғы жылы «Ертіс орманы» мекемесіне 13 трактор, 37 орман отырғызу құрылғылары сатып алынды. Жалпы, орман қорын барынша ұлғайту үшін мемлекет қазынасынан 593 млн теңге бөлінген, - дейді Руслан Түлепбаев.