Орман қорын қорғау. Бейнебақылау камералары орнатылады

Павлодар облысында орман қорын қорғау мақсатында соңғы үш жылда шамамен 1,7 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы бюджет шамамен 770 млн теңге көлемінде.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дияр Қайыркеновтың айтуынша, соңғы екі жылда орман қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары күшейтілді.

Осылайша, материалдық-техникалық жабдықтау көрсеткіші 73%-ға артты. Нақтырақ айтқанда, бес автоцистерна, сегіз трактор, 10 өрт кешені, 16 орман отырғызу машинасы мен өзге қажетті техника сатып алынды. Биыл қосымша өрт сөндіру көліктері сатып алынып, қажеттілік толық жойылды. Ендігі кезекте патрульдік техника мен әкімшілік жұмыстарды жүргізуге арналған планшеттер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, қызметкерлер арасындағы радиобайланыс жүйесі жаңартылады, - дейді Дияр Қайыркенов.

Алдағы уақытта жеті модульді типті орман қорғау жабдығын орнату да жоспарланып отыр.

Атқарушы биліктің қарамағындағы үш мекемеге бес өрт бақылау мұнарасы қажет. Бұл тиімді емес. Сондықтан, біз мемлекеттік орман қорының аумағында бейнебақылау камераларын орнату мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін өрттерді ерте кезеңде анықтайтын мұнаралар іске қосылды. Мұнараның биік тұсында орнатылған 18 камера жұмыс істейді, әрқайсысы 20 шақырымдық радиустағы аумақты бақылауға қауқарлы. Заманауи құралдарды жалға алу үшін бюджеттен үш жылға 218 млн теңге бөлінді, - дейді Дияр Қайыркенов.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қорғауында мемлекеттік орман қорында 127 мың гектардан астам аумақ бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы