18 Қыркүйек 2026, 11:47 Фото: pixabay.com

Орман өрттері өршіп тұр: Еліміз апатпен күреске қаншалықты дайын?

Елімізде жыл басынан бері 813 орман өрті тіркеліп, бұл бағыттағы жұмыстарға 77,5 млрд теңге бөлінді.

Елімізде орман өрттері әлі де басылмай тұр: тек қыркүйек айының басынан бері республика бойынша 30 өрт ошағы тіркелді. Табиғи апаттармен күрес қалай жүріп жатыр, өңірлер мен төтенше жағдай қызметі қаншалықты дайын және мұндай қауіптердің қалай алдын аламыз? BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осы және өзге де маңызды сұрақтарға қатысты нақты деректерді ұсынды

Қыркүйек айындағы ахуал қандай?

Күздің алғашқы онкүндігі орман шаруашылығы қызметкерлері үшін қауіпті кезеңдердің бірі болды. Айдың басынан бері республикамыздың мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 30 орман өрті тіркелген.

Статистика бойынша өрт ең жиі шыққан үш аймақ:

  1. Қостанай облысы – мұнда орман өрттері жиі тіркеліп, әсіресе 8 қыркүйекте бірден 8 өрт ошағы анықталды.
  2. Шығыс Қазақстан облысы – бұл өңірде ай басынан бері 4 рет өрт ошағы тіркелді.
  3. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – республикалық маңызы бар бұл аймақта да қыркүйек айының өзінде 3 рет өрт тұтанды.

Жалпы алғанда, 2026 жылы өрт қаупі бар маусым басталғалы бері мемлекеттік орман қоры аумағында 813 орман өрті тіркелді. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 46,22%-ға артық.

Дегенмен, мамандырылған қызметтердің жедел әрекетінің арқасында өрттің жалпы шарпыған алаңы айтарлықтай азайды. Биыл өрттің жалпы ауданы 36 185,4 гектарды құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 60 971,8 гектар болатын. Салыстырмалы түрде алғанда, республика бойынша орман өртінің жалпы ауданы 40,7%-ға азайғанын көруге болады.

Комитет өкілдері өрттер санының өсуін маусымның ерте басталуымен, дала өрттерінің орманға ауысуымен, ыстық әрі құрғақ ауа райымен және найзағай разрядтарымен түсіндіріп отыр.

Техникалық жарақтандыруға 77,5 млрд теңге бөлінді

Орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру бағытында соңғы жылдар ауқымды жұмыстар қолға алынды. Комитеттің мәліметінше, 2023–2026 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен 77,5 млрд теңге қаражат бөлініп, оған 2 251 бірлік техника сатып алынды.

Атап айтқанда, мынадай техникалар мен жабдықтар алынған: 463 өрт сөндіру машинасы; 546 кіші орман патрульдік кешені; 890 трактор; 352 патрульдік және жүк автокөлігі; 61 ұшқышсыз ұшу аппараты (БПЛА / дрон); 36 мотоцикл мен қайық, 14 квадроцикл мен қарда жүретін көлік; 242 жауынгерлік киім жиынтығы, 384 байланыс құралы және 7 159 бірлік өзге де қажетті жабдықтар (соқа, тырма, культиватор, цистерна және т.б.).

Нәтижесінде, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Жамбыл сияқты өрт қаупі жоғары өңірлерде техникалық жарақтандырылу деңгейі кемінде 90%-ды құрайды. Ал табиғат қорғау мекемелері жалпы 92% жабдықталған.

Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар («Семей орманы», «Ертіс орманы», Баянауыл ұлттық паркі, «Ақжайық» резерваты және т.б.) қажетті техникалармен 100% толық қамтамасыз етілген.

Өртті анықтауда қандай заманауи жүйелер қолданылуда?

Бүгінде орман өртін анықтау тек адам күшіне ғана сүйенбей, біріктірілген көпдеңгейлі жүйе арқылы жүзеге асуда. Оған жер үсті патрульдеу, өрт бақылау мұнаралары, авиациялық күзет, ерте анықтау жүйелері, дрондар және ғарыштық мониторинг кіреді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұсынғңан деректер бойынша, биылғы жылы тіркелген өрттердің анықталу тәсілдері төмендегідей бөлінген:

  • Жер үсті орманды күзететіндер арқылы – 379 жағдай;
  • Авиациялық күзет көмегімен – 151 жағдай;
  • Өрт бақылау мұнараларынан – 125 жағдай;
  • Ерте анықтау жүйелері арқылы – 117 жағдай;
  • Басқа тәсілдермен («Қазақстан Ғарыш Сапары» арқылы) – 38 жағдай.

Комитет өкілдерінің айтуынша, жылу бейнелеу жабдығымен жарақталған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) өрттің шекараларын нақтылау, қол жетімсіз учаскелерді тексеру және түтін шығу ошақтарын (әсіресе түнгі уақытта) анықтауда таптырмас құралға айналды.

Ал ерте анықтау жүйелері қазірдің өзінде «Ертіс орманы», «Семей орманы», «Ақжайық» резерваттарында, «Бурабай», «Көкшетау», «Медеу» парктейінде және бірқатар облыстардың орман мекемелерінде сәтті жұмыс істеп тұр.

Бұл жүйенің ауқымы Наурызым қорығында, «Жасыл аймақта», «Баянауыл», «Қарқаралы», «Сайрам-Өгем», «Бұйратау», «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде кеңейтілуде. Жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесінің қамту аясын мемлекеттік орман қорының 5 млн гектарынан астамына жеткізу жоспарланып отыр.

Профилактика және қауіпсіздік шаралары

Орман өрттерінің алдын алу маусым басталмас бұрын-ақ қарқынды жүргізіледі. Мамандар ормандарда минералдандырылған жолақтар жасап, оларды жаңартады, өртке қарсы алшақтықтарды тазартып, орман жолдарын жөндейді. Сондай-ақ су айдындары мен оларға кіреберіс жолдар дайындық жағдайына келтіріледі.

Ресми деректерге сәйкес, қабылданған ауқымды шаралардың нәтижесінде:

  • 8,6 мың шақырым минералды жолақ жасалып, қолданыстағы 252,1 мың шақырым минералды жолаққа күтім жасалды;
  • 978,6 шақырымнан астам өртке қарсы үзілістер жасалды;
  • 5,8 мыңнан астам өртке қарсы ақпараттық тақта орнатылып, жаңартылды;
  • Жер пайдаланушыларға 10,6 мыңнан астам нұсқама жіберіліп, шамамен 14,4 мың семинар мен дәріс өткізілді, 100,8 мыңнан астам ақпараттық материал таратылды.

Өрт қаупінің жоғары IV-V кластары белгіленген кезде жердегі күзет күшейтіліп, аса қауіпті учаскелерге қосымша жауынгерлік есептері бар өртке қарсы бекеттер қойылады. Осы мақсатта барлығы қосымша 636 өртке қарсы бекет орналастырылды, оның ішінде ТЖ органдарымен бірлесіп 126 бекет жұмыс істеп жатыр, – деп мәлімдеді комитет өкілдері.

Орман шаруашылығы комитеті осындай кешенді шаралар мен заманауи технологиялардың қолданылуы табиғатты қорғауға және өрт ошақтарымен күресте тиімділікті арттыруға толық мүмкіндік беретінін атап өтті.