Орман өртенсе басында айлап жататынбыз – Көшербек Сейітұлы
Тау-тас, орман-көл деген ғажап! Ал осы табиғат әдемілігін қорғап, қаскүнемдерден сақтау менің жұмысым болды, дейді қазір зейнет жасындағы орманшы Есенбаев Көшербек Сейітұлы, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Көшербек аға, сіз Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында туып-өстіңіз. Орманшылыққа дейін де бірнеше мамандықты игеріпсіз. Сол туралы айтып берсеңіз.
Мен Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Боран ауылында туып өстім. 1968 жылдары мектеп бітіріп, сосын оқу оқыдым, әскерге бардым, үйлендім. Алғашқы оқыған мамандығым киномеханик болды, кейін әскерге барып офицер атанғасын ауылдағы жергілікті СПТУ-да әскери дайындықтан сабақ бердім. СПТУ-да трактор, комбайн, көлік жүргізушілерін оқытып, үйретіп шығаратын.
Біз Кеңес Одағы кезінің адамдары болғандықтан, партия ұйымын басқарып, депутат та болдық. Заманына сай адамы ғой. Ауылда хатшы ретінде партия ұйымының жиналысын өткізіп, қоғамдық жұмысқа да белсене араластым. Менің оқып бітірген жоғары білімім тарихшы, алайда ол кезде партия қайда жібереді сонда баратын кез ғой. Басшылар мені шақырып, "Лесхозға басшы болып барасың" деді. Ол уақытта партия қайда жібереді сонда барасың. Осылайша "Орманшылық бөлімінің" басшысы болдым. Кеудеме 3 жұлдызша тағып, лесничий атандым. Орманшылықта 15 жылдан аса уақыт еңбек еттім. Менімен бірге орманшылықта тех мастер, орман шебері секілді мамандар жұмыс істеді.
Орманшылар тәуліктің қай сағаты болмасын орманшылық аумағын аралап, қорғауға алынған аумақта табиғат қорғау заңнамасының бұзылмауын жіті бақылайды. Одан басқа да міндеттері бар екенін білеміз, сол туралы айта кетсеңіз?
Иә біздің басты міндетіміз орманды қорғау, сақтау және көбейту. Оның ішінде аңы бар, балығы бар, өсімдігі бар, соның бәрін браконьерлерден қорғау басты міндетіміз болды. Орманшылықтың жергілікті ауыл тұрығындарына да пайдасы тиіп жатты. Біз алғаш болып ағаш, тақтай кесетін кәсіпорын – пилорама салдық. Онда ауыл тұрғындары жұмысқа алынып, жергілікті тұрмысқа керек заттарды жасап шығара бастадық.
Шана, доға, есіктер, терезе, орындық, штакетник жасадық, оның бәрі ауылға керек заттар болды. Ал одан түскен ақшаны орталық бөлімшеге өткізіп, жұмысқа алынған жұмысшылардың айлығына төленетін. Айына бір рет Марқакөлдегі орталыққа барып, есеп береміз.
Жұмыс көп болды. Балқарағай жинаймыз, жұмысшылар, тіпті ауыл тұрғындары да кірісетін. 3 ай жазғы демалысты балалар да қарағай бүршігін жинайтын.
Мамыр айында орман отырғызу жұмысын жасаймыз. Оған дейін жиналған қарағай бүршігін жерге көміп питомникте өсіреміз, сосын мамыр айында отырғызамыз. Тамызда балқарағайды жинаймыз, мамыр айында егеміз. Қарағайлар ұзындығы 15-17 см жеткенде отырғызамыз. Қарағай жылына 5 сантиметр ғана өсетін. Қарағай, қайың, шыршаның «питомниктері» бөлек болатын. Ол жердегі жұмысшылар оны күтіп-басптап өсіретін. Бұл ағаштардың бәрі суыққа төзімді ағаштар. Қызметкерлер де барынша төзімділік және мейіріммен оларды баптап, өсіріп шығады. Орман өрті немесе орман отырғызу кезінде үй бетін бір жарым айлап көрмей кететінбіз. Орман өртенсе, сонда басында айлап жататынбыз, ондай кезде түскі асқа үйге барып келем демейсің ғой. Өртпен күресуге жазық жерде машина болды. Таулы жерде қиын. Хлопушка жасайтынбыз. Оның пішіні үлкен шыбын өлтіргіш секілді болып келеді. Жақын жерде су болмағасын таудағы өртті солай сөндірдік. Жабайы жыртқыш жануарлар аю, қабанды да талай көрдік. Егер адамдар өздері шабуылдамаса, жануарлар тиісе бермейтінін де байқадым.
Орманшылардың есте қалатын әсерлі сәттері көп секілді көрінеді маған, бір-екеуін айта кетсеңіз.
Әрине ондай сәттер көп-ақ. 4 бөшке бал туралы айтып берейін. Бірде таудан түсіп келе жатқан орманшылықтың ауыр жүк көлігіне аралар шабуылдады. Сөйтсек машинаның артқы бортында жатқан аузы дұрыс жабылмаған 4 фляг бал домалап-домалап аузы ашылып, төгіліп қалыпты. Ал аралар болса, соның иісіне келген екен. Көлік іші араға толып, тіпті жүре алмай қалдық. Жолда өзенге тоқтап, төгілген балдың бәрін жуып болғасын ғана аралардан құтылдық. Солай әбден араға таланғанымыз есімде.
Қасымда Вася Перепечкин, Алмас Жансейітов деген екі орманшы болатын. Браконьерлер ол кезде көп еді. Ағашты қиып алып кететін. Ол кезде 30-40 рубль айыппұл жазылатын.
Орманның ішінде бірнеше орманшы отыратын. Ол жер Кардон деп аталатын. Әр ауылда 1-2 орманшыдан болды. Біздің орманшылыққа Қараой, Горный, Қалжыр, Боран, Марқакөл совхоздары қарайтын. Сол жерде 15 жылдай орманшы болдым.
Жаңа жыл жақындап келе жатыр, кезінде шыршаны қалай қорғайтын едіңіздер?
Жаңа жылға қарсы 1 желтоқсанда бекет-пост қоятынбыз. Ол жақта бір ғана жол болатын. Жан-жақтың бәрін қар басқандықтан басқа жолдар болмайтын. Сол жерге бекет қойып күні-түні күзететінбіз. 31 желтоқсанда бекет алынатын.
Марқакөлдің туған жердің әр тасы, әр бұтасы мен үшін өте қымбат. Даланы аңсап, биік тауларға қарағанды ұнатамын. Туып-өскен, кіндік қанымыз тамған қасиетті туған жер үлкен байлығымыз деп ойлаймын. Біз оның табиғи тап-таза, мөлдір күйінде сақталуына жанашыр болуымыз керек. Болашақ ұрпақтарымыз да сол әдемілікті көрсе екен деймін. Қазірде орманшылар еңбегі де жақсы бағаланып, еңбекақысы өсіп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық.
Сұхбатыңызға рахмет!
Айта кетейік, қазір еліміздің 160 табиғат қорғау мекемелері мен кәсіпорындарында 17,4 мыңға жуық орманшылар жұмыс істейді. Оның ішінде 8,1 мыңнан астамы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, 9,2 мың қызметкер жергілікті атқарушы органдарға қарайды.