Орман күзеті қай кезде де айрықша маңызға ие – маман
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің әрбір аймағында бірнеше жылдан бері «Жасыл ел» жастар жасақтары құрылып, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Одан бөлек, ел аумағында жылына екі рет жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылып, тал көшеттерін отырғызу, аулаларды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ал, Әулиеата өңіріндегі ормандардың, осы бағыттағы шаруалардың тыныс-тіршілігі қандай? Жасыл аймақты қорғап, кеңейтуде қолға алынған жұмыстар көңілден шығады ма? Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовпен әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.
– Аймақтағы орман қорының көлемін біле отырсақ. Жамбылдың «жасыл белдеуін» ұлғайту мақсатындағы шаралар қалай жүзеге асуда?
– Жөн сауал, алдымен өңіріміздегі 14 шаруашылыққа қарайтын мемлекеттік орман қоры аумағының 4 млн 427 мың гектарға жуықтайтынын жеткізейін. Мұның 2 млн 357,1 мың гектары орман талдарымен көмкерілген. Бұл – орман қоры өңірдің – 30,8, ал орманды жер 15,47% құрайды деген сөз. Мемлекеттік орман қорының 5000 гектарына жылда тал-дарақтар отырғызылып, сексеуіл тұқымы себіледі.
Былтыр көктем айларында 1800 гектар аумаққа орман ағаштарының көшеттерін отырғыздық. Оның 400 гектарына қарағаш, 100 гектарына жүзген, 1300 гектарна сексеуіл шыбықтары қадалды. Күзде жоспарға сай 3000 гектарға сексеуілдің тұқымын сеуді жоспарлап, оны 500 гектарға асырып орындадық.
Биыл 1730 гектарына көшеттерді отырғызу жүргізілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің професорларын шақыртып 100 га алқапқа сексеуіл екпелерінің тамырына гиберилді қышқыл тыңайтқышын беру арқылы тәжірибе жүргіздік. Бұл көшетімен отырғызылған екпелердің шығымдылығын 80-90% жеткізеді. Бұған қосымша уақытша тұқымбақтардың көлемін 50 гектарға ұлғайтып отырмыз. Яғни, келесі 2020 жылға қарай отырғызылатын орман екпелеріне көшеттерді өз тұқымбақтарымыздан қамтамасыз ететін боламыз.
– Орманның басты жауы өрт емес пе? Соңғы жылдарда тіркелген төтенше оқиғаларды айта кетсеңіз. Тілсіз жаудың алдын алуда қандай шаралар атқарылмақ?
– Өткен жылы өңіріміздегі орман қорында орын алған 39 өрт оқиғасын тіркеген болатынбыз. Тілсіз жау 146,4 мың гектардағы талдарды жалмап, шығыны 74 млн 892 мың теңгені құраған. Орман шаруашылығы мекемелерінің жанынан құрылған өрт сөндіру стансаларында құрамы 9 адам болатын, 126 жасақ дайындалды. Ал бұл орман өртінің алдын алуға септесті.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 100 штат алынды және орман шаруашылығы мекемелерінің кестесі оңтайландыру есебінен 28 штат алынып, 1-үлгідегі 4 штаттық бірліктен тұратын 32 өрт сөндіру стансасы құрылды.
Айтқандарымнан бөлек, өңірдегі орман шаруашылықтарында екінші үлгідегі 14 өрт сөндіру стансасы қызмет атқарады. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрінің «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды ұлғайту және орман өсіру бойынша нормалар мен нормативтерді бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жалпы орман шаруашылығына 399 штаттық бірлік жеткіліксіз. Бұл мәселеге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданып, ендігі 2020 жылдың басына дейін шешіледі деп күтілуде.
Сонымен қатар екі жыл бұрын орман орналастыру жұмыстары барысында орман қоры аумағында қосымша 72 қорықшы үйін және 29 өрт бақылау мұнарасын салудың қажеттігі анықталған болатын. Қазіргі таңда қорықшы үйлері, тұқым сақтайтын қоймалар мен өрт бақылау мұнараларының сметалық жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде.
– Орман күзетінің, жалпы орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасына жиі сын айтылып жатады. Мұның жұтаңдығын мамандардың да аузынан естігенбіз...
– Сөзіңіздің жаны бар. Десе де біздің өңірімізде бұл бағытта қыруар шаруалар қолға алынуда. Айталық, 2018 жылдың 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нығайтылуы 52,2% құраған. Былтыр осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 235 млн теңге қаражат бөлініп, қажетті техникалар мен құралдар алынды. Биыл облыстық бюджеттен тағы да 280,0 млн теңге бөлініп отыр. Оған орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті техникалар алынуда. Техникалар алынған жағдайда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 75% ұлғаяды.
Орман күзетінің айрықша маңызға ие екені белгілі.Осыған байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастауымен басқармаға қарасты «Сапсан» жедел тобы құрылуда. Бүгінгі таңда облыс әкімінің келісімімен құрамы бекітілуде. Бұл жедел топ өкілдеріне жаңа 3 автокөлік және басқада қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Бір сөзбен айтқанда материалдық-техникалық базалармен толықтай үлестірілді. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап жұмысқа кірісетін болады. Яғни, олардың негізгі міндеттері табиғатқа қасақылық жасаушылардың алдын алу, жануарлар дүниесін қорғау болмақ. Құрамында 10-ға жуық сала мамандары облыстық Табиғат қорғау кеңесімен бірлесе жұмыс жасайтын болады.
– Жануарлар дүниесін қорғау, олардың өсімін молайту ісінің де қоршаған ортамыз үшін салмағы зор екені сөзсіз. Әсіресе, облыс аумағындағы қаумалдардың жай-күйі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе...
– Рас айтасыз, былтыр жануарларды қорғап, санын көбейту жұмыстарына қаралған 20 074 мың теңге қаражат толық жұмсалып, қолға алынған шаралар түгел жүзеге асырылған. Мұндағы Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарындағы 148 300 гектарлық «Жуалы-Қарашат» және Қордай, Шу аудандарындағы 379 960 гектарлық «Қордай-Жайсан» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды құруға бөліген жер телімдері резервтенді. Қазір ол жер телімдеріне «Жуалы-Қарашат» және «Қордай-Жайсан» табиғи қаумалдарын құру туралы Жамбыл облысы әкімі қаулысының жобасы дайындалып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар тарапынан келісілді.
Бұдан бөлек, биыл айрықша қорғауға алынатын табиғи аумақтар құру жұмысы жалғаса беретін болады. Айталық, Меркі, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарының таулы, орман-тоғайлы аумақтарының көлемін ұлғайтудың ғылыми, техникалық-экономикалық негіздемесін жасау үшін 6,2 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Осы аталғандардың ішінен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы аясында Меркідегі табиғи аумақтың көлемі ұлғая отырып, жергілікті маңызы бар ұлттық парк түріне ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Өйткені, «Үмбет» және «Меркі» табиғи қаумалдары құрылуының нәтижесінде тұяқты аңдардың өсімі молайды.
Бүгінде 9649,3 мың гектар немесе 83,4% аумақта аң аулауға заң жүзінде тиым салынған болса, 2019 жылы жоспарланған ЕҚТА-лар (Ерекше қорғаудағы табиғи аумақ) құрылған жағдайда тағыда 8 аңшылық шаруашылықтардың қызметі тоқтатылатын болады. (аумағы 190387 га). Нәтижесінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аң аулауға тиым салынатын аумақтың көлемі 9840 мың га немесе 85,1% өсіреміз деген жоспар бар. Бұл аумақтарды басқармаға қарасты орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері қоруға міндеттелген. Және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында ерекше қорғалатын аумақтарға билбордтар орнатуға 2940 мың теңге қаражат қарастырылған.
– Балық шаруашылығы демекші, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен облыс аумағында сирек кездесетін және жойылу қаупі бар аңдар мен құстарды, жалпы табиғатты сақтау және дамыту бойынша декларация қабылданып, бекітілгенінен хабардармыз. 4 мыңға тарта қызметші, оның ішінде 2,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер аталған декларацияда мәлімделген жұмыстарды жүзеге асыруға міндеттеліп, қолдарын да қойған. Соның ішінде, балық шаруашылығы субъектілерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысы жайында айтып берсеңіз.
– Осыған ұдайы мониторинг пен талдау жүргізу керектігі жөнінде жүктелген тапсырманы орындау мақсатында Жамбыл облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясымен бірлескен жұмыс тобы құрылып, олардың жұмыстары таразыланған. Нәтижесінде облыстық әкімдіктің қаулысымен жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енгізілген 118 су айдыны иелерінің 32-сі өз еріктерімен су айдындарын пайдаланудан бас тартты. Сөйтіп 86-і ғана қалып отыр.
Қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне ішінара өзгерістер енгізілді. Жоба Жамбыл облыстық әділет департаментінде тіркелуден өтті. Ағымдағы жылдың 17 мамырында «Балық шаруашылық бос су айдындарын бекітіп беру туралы» конкурс өткізіледі. Бұл конкурсқа тізбеге жаңадан енгізілген су айдындарын қосқанда 27 су айдын ұсынылып отыр. Конкурс арқылы нақты иелеріне бекітіліп берілетін болады.
Сондай-ақ 2018 жылы Жамбыл облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы айдындарына ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, түрлі балық шаруашылықтарын (тауарлы балық өсіру, кәсіптік және тор қоршамада балық өсіру, кәсіптік және әуесқойлық (спорттық)) жүргізу бағыттары ұсынылды. Осыған орай балық шаруашылығы субъектілерімен жасалған келісімшарттың қосымшасы әзірленіп, тиісті тараптарға бекітуге таратылып берілді. Қазіргі уақытта 20 балық шаруашылығы су айдынымен қосымша келісім жасалды. Жұмыстар әрі қарай жалғасын табуда.
Су айдындарына балықтандыру жоспары бойынша 2019 жылы 151 млн теңгеге - 5,0 млн дана шабақ алынып жіберу жоспарлануда. Нәтижесінде облыс көлемінде келесі 3 жыл ішінде балық өндіру өнімін 5 есеге арттыру керек.
Сөз орайында айта кетейін, өңіріміздегі 48 аңшылық шаруашылықтың 45-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Олардың 15-і басқармамен, 30-ы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен шарт жасасқан. Алайда 2017 жылы аталмыш инспекцияның басқармаға міндеттелгеніне байланысты бұл аңшылық шаруашылықтар басқарма бағынысына қабылданды.
Ағымдағы жылы облыстық прокуротураның бастамасымен келісімшарттық негіздегі аңшылық шаруашылықтарға мониторинг жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз. Сол арқылы шаруашылық міндетіне алған жұмыстарына бағалау жүргізіледі.
Бұдан өзге Жамбыл облысындағы орман және су қорлары да, әсіресе сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген аңдар мен құстарды, жалпы табиғатты сақтау және дамыту әр кезде де назарымызда болады. Әрі бұл тұрғыдағы жұмыстар өз деңгейінде үйлестіріле де береді деп сеніммен айта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!