Орман алқабында елік атқан браконьер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында елік атқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Рейдтік шаралар жүргізу кезінде «Семей-Курчатов» тас жолынан 45 шақырым жерде орналасқан Маралды ауылының маңында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқабында алыстан шамның жарығын байқаған және атылған оқтың дыбысын естіген. Осыдан кейін полиция инспекторлары дереу сол бағытқа бет алған. Әрі қарай бақылау барысында орман алқабынан Toyota Hilux автокөлігінің шыққанын аңғарған. 

Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, жылдамдықты асырып, қашпақшы болған. Toyota Hilux жүргізушісі өзінің автокөлігінің жол талғамайтын күшін пайдаланып, ізін суытпақшы болған, алайда патрулдік автокөліктегі полиция экипажы олардың ізіне түсуді жалғастырған. Нәтижесінде автокөлік жүргізушісіне Семей қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының экипажы бірнеше шақырымда тосқауыл қойған.

Қарау барысында автокөліктің жүк салатын бөлігінде жабайы аңның еті, қару, оқтар, жарық-іздеуші түріндегі қосалқы құралдар және пышақ табылып, тәркіленген. 

Тергеу барысында елікті 40 жастағы Бородулиха ауданының жергілікті тұрғыны атқаны анықталды. Күдікті кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі таңда осы факті бойынша ҚР ҚК 337-бабында қарастырылған қылмыс белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, сараптамалар тағайындалды. Тұйақты жануардың сібір елігі екені нақтыланды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.  



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы