Өркениетті елдерде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қандай жаза қарастырылған

Әлем елдерінде қоғамдық тәртіп бұзушыларға түрлі жазалау әдістері қолданылады. Бір елдің азаматтары әкімшілік жазаланып, айыппұл беріп құтылса, енді бір елдің тұрғындары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, темір торға тоғытылып, оларға тіпті дүре де соғылады. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі өркениетті елдердегі қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда қолданылатын жаза түрлеріне шолу жасаған еді.

Әлемдегі ең дамыған, өркениетті әрі демократиялық құндылықтарды басты назарда ұстайтын Америка Құрама Штаттарында федеральдық, мемлекеттік және жергілікті деңгейде жүзеге асырылатын заңдар мен нормативтік актілер бар. Мұнда қоғамдық тәртіптің бұзылмауына ерекше назар аударылады. 

АҚШ-тың барлық штаттарында қоғамдық орындарда төбелесуге, мас күйде және жалаңаш жүруге заңмен тыйым салынған. Тіпті бұл елде бостан бос сенделіп жүруге де болмайды. Жолдар мен саябақтарда, су айдындарынде қоқыспен ластаудың соңы үлкен айыппұлға әкелуі мүмкін. 

Қоғамдық орындарда шылым шегу мен алкогольді ішімдіктерді тұтынуға болмайды. АҚШ-тың штаттарында қоғамдық орындарда шылым шеккендерге шамамен 120-485 мың теңге аралығында дейін айыппұл салынады.

Экономикасы дамыған Еуропа елдерінде де қоғамдық тәртіптің сақталуына аса мән беріледі. Мысалы Италияның астанасы Рим қаласындағы тарихи субұрқақтарға шомылуға, айналасын ластауға немесе жанында тамақтануға тыйым салынып, 21 мың теңгеден 128 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Венецияда суға түсетін киіммен қаланың қоғамдық орындарда жүрсеңіз 133 мың, қоғамдық жерлерде пикник ұйымдастырсаңыз 106 мың, қоқыс лақтырсаңыз 53 мың теңге айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Ал атақты «Үлкен каналғо» шомылсаңыз 240 мың теңге айыппұл салынады. 

Испания елінде қоғамдық жерлерде шылым шегіп, спиртті ішімдік ішіп, қоқыс тастағандар 160 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. 

Францияда да қоғамдық орындарда шылым шегуге қатаң тыйым салынып, заң бұзуышларға 72 мың теңге көлемінде айыппұл салу қарастырылған. 

Грецияда қоғамдық орындарда шылым шегу қайталанып, тәртіпті бұзу бірнеше рет орын алатын болса 2,6 млн – 5,3 млн аралығында айыппұл төлеуіңіз әбден мүмкін. 

Германияда қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айтып, тіпті тіліңізді шығаратын болсаңыз 160 мың теңгеден 2,1 млн теңгеге де дейін айыппұл төлейсіз. Бұл елде қоғамдық орындардағы тәртіп аса қатты қадағаланады.

Ал әлемнің қарқынды дамуышы елдерінің қатарындағы Біріккен Араб Әмірліктерінде қоғамдық орындарда шылым шеккеніңіз үшін 2 жылға дейін түрмеге тоғылытуыңыз мүмкін. Ал алкоголь өнімдерін қоғамдық жерлерде тұтынғаныңыз үшін БАӘ-де түрмеге қамап ғана қоймай, 70 рет дүре соғу жазасы бар. 

Сондай-ақ, араб әмірліктерінде бейәдеп және дөрекі сөздер айту қоғамдық тәртіп ережесін қатаң бұзу болып саналады және ол 1,3 млн теңгеге дейін айыппұлмен жазаланады. Тіпті осы ісіңіз үшін түрмеге де қамалуыңыз мүмкін. БАӘ-де көшеде ұрыспаңыз, айғайламаңыз, және «ақымақ», «есуас» сияқты дөрекі сөздерді қолданбаңыз. 

Мұсылмен елі саналатын араб әмірліктерінде қоғамдық орындарда сүйісу елдің этникалық қағидалары мен құндылықтарын бұзу болып саналады. Ережені бұзғандарға 264 мың теңге айыппұл салынады. Араб әмірліктерінде биліктің рұқсатынсыз қоғамдық орындарда жария наразылық акцияларын және көпшілік жиналыстар ұйымдастыруға заңмен қатаң тыйым салынған. Тіпті мұндай жиындарға қатысқан азаматтар да заңмен қудаланады.

«Шығысазиялық жолбарысқа» теңелетін Сингапур елінің халқы әлемдегі әл-ауқаты жоғары, тәртіпті ұлттардың қатарына жатады. Сингапур халықтың тығыз орналасқанына қарамастан әлемдегі ең таза қаланың бірі саналады. Елде қоршаған орта тазалығы мен жаппай тәртіпке баса назар аударылады. 

Мемлекет бұл деңгейге қоғамдық орындардағы көптеген ережелмен мен шектеулерді енгізу арқасында жеткен. Мұнда арнайы роботтар күндіз-түні қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. 

Мысалы Сингапурде шайналған сағызды жерге тастағаны үшін 400 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұл елде тіпті 1992 жылдан бері сағызды сатуға, сыртан әкелуге тыйым салынған. Сағызды тек арнайы дәріханалар дәрігердің рұқсатымен ғана сатады. 

Ал темекі тұқылын жерге тастағандар айыппұл төлеп ғана қоймай, қоғамдық орындарда алқызыл арнайы киіммен екі апта бойы күніне 3 сағаттан қоқыс жинауға міндеттеледі. 

«Масқара костюмі» аталатын алқызыл арнайы киімде қоғамдық орындарда қоқыс жинау сингаупрліктер үшін өте ұят саналады. Егер де азамат осы тәртіпті тағы да бұзған болса ол түрмеге қамалады. 

Сондай-ақ, Сингапурде қоғамдық тәртіпті бұзып, төбелескені, басқа азаматтарға тіл тигізгені үшін 2 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру және ротанг таяғымен дүрелеу жазасы қолданылады.

Біздің елімізде де қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайлары заңмен қудаланып, әртүрлі деңгейдегі жаза қарастырылған. Қоғамдық орындарда басқа азаматтарға тіл тигізіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін азаматтарға 69 мың теңге айыпұл немесе 5 тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Ал арнайы жабдықталмаған жерлерде кальян, шылым шеккен азаматтарға 55 380 теңге айыппұл салынады. 

Сондай-ақ, жұмыс күндері түнгі 22.00-ден, ал демалыс күндері 23.00-ден кейін қоғамдық тәртіпті бұзып, шулы іс-шаралар өткізгені үшін 18 460 теңге айыппұл қарастырылған. 

Егер де бір жыл көлемінде тәртіп бұзуышылық қайталанатын болса айыппұл көлемі екі есеге дейін өседі. Спирттік ішімдік ішкендерге де 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл іс әрекет қайталанатын болса 5 тәулікке дейін қамауға алу жазасы бар. 

Қазақстанда бұқаралық жария іс-шаралар, митингтер жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен және тек осы үшін арнайы бөлінген орында ғана өткізілуі керек. 

Аталған нормалар сақталмаған жағдайда кез келген жария жиналыстар заңсыз болып саналады және бұл заң бұзушылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Заңы бойынша заңсыз митинг, шеру ұйымдастыру 25 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы