10 Қараша 2026, 11:57 Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев: Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым» екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда, - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығын білдірді.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», - деді Тоқаев.