Өркениетті диалог пен сенімді нығайтудың жаңа тәсілдерін дайындау қажет – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Біз пандемиядан кейін шиеленісіп тұрған геосаяси әлемді басымыздан өткеріп отырғандықтан жаңа өркениетті диалог пен сенімді нығайтудың анағұрлым жаңа тәсілдерін дайындау аса маңызды болып отыр. Бұл ұлттардың өзара араздығына, мемлекеттердің қырғи-қабақтығына және халықаралық қатынастардың құлдырауына ықпал ететін ұшқары саясатын да, жеккөрушілікті өршітуді де көпшілік болып айыптаймыз. Мен Қазақстан халқының атынан сіздерге, ұлы мәртебелі Папа Францискке осындай тарихи сапары үшін және съездің жұмысына белсене қатысқаны үшін алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Мемлекет басшысы қорытынды сөзінде.

Сондай-ақ Президент мемлекеттілік пен халықаралық байланысқа нұқсан келтіретін дүниелерге тоқталды. 

Біздің барлығымыз осы съезден өте көкейкесті проблемалар бойынша пікірлерді жинақтадық. Бүкіл әлемде дінаралық, діндердің, халықтардың арасындағы бейбітшілікті нығайтуға бағыттадық. Зорлық-зомбылықты, жеккөрушілікті айыптадық. Себебі олар мемлекеттілік пен халықаралық байланыстарға нұқсан келтіреді. Дәл бүгін діндердің бітімгершілік әлеуетін тиімді пайдаланудың өмірлік маңызы айдан анық көрініп тұр. Барлық діндер гуманистік идеяларды, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін және бейбітшілік пен келісімге ұмтылуды негізге алады. Осы негізді қалаушы қағидаттар рухани салада ғана орын алып қоймай, мемлекеттердің әлеуметтік-саяси дамуында, халықаралық саясатта да бекуі тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Еске сала кетейік, бүгін астанада екінші күн қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Қорытынды жасалған соң съезд салтанатты түрде жабылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы