Орфандық сырқатқа шалдыққан балаларға берілетін дәрілердің тізбесі кеңейтіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында хабарлады. Оның айтуынша, биыл орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесі кеңейтіледі.
2022 жылы орфандық аурулармен сырқат балаларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесі кеңейтілетін болады. Орфандық аурулар мен оларды емдеуге арналған дәрілік заттар тізбесіне 5 жаңа ауру және 19 жаңа дәрілік препарат енгізілді. Сонымен қатар, тіркелмеген дәрілік заттарды сатып алу мәселесі де шешімін табуда, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, бұған дейін Кодекстің 246-бабына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен қазақстандық ұлттық формулярға енгізілген дәрі-дәрмектер сатып алынуы мүмкін еді. Бұл тіркелмеген дәрілік заттарды жергілікті бюджет есебінен сатып алуды шектеген.
Осыған байланысты, министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістерді пысықтады. ҚҰФ-да препараттардың міндетті түрде болуы жөніндегі норма алынып тасталды.