Қордайлықтар жазғы лагерьде қазақ тілін үйреніп жүр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі күндік жұмыс сапарымен Қордай ауданында болды. Аймақ басшысы ауданда жаңадан бой көтерген спорт нысанын аралап көріп, сапасына жоғары баға берді.
Спорт алаңы, ең алдымен, балаларға арналған. Нысан жоғары сапада салынған. Ең бастысы, мұнда балалар ойнауға ыңғайлы. Ауылда 600 орындық мектеп салынуда. Біз жаңа мектептің жанында осындай спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесуде.Облыс әкімінің жұмыс сапары Сортөбе ауылында жалғасып, ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істейтін "Тілдер саябағы" жазғы лагерінде болды. Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылады.
Әлеуметтік жобаның жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерьде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалар да, ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғындарына Назарбаев Университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді.
Аймақ басшысы аудандағы белсенділер мен еріктілерге қыруар шаруалары үшін алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын еске салды.
Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлессе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің міндетіміз – жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілдерді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сортөбе ауылына ат басын бұрған өңір басшысы мұнда балық шаруашылығын дамытуға жақсы жағдай жасалғанын назардан тыс қалдырмады. Ол форель мен бекіре тұқымдарын өсіретін фермада болып, құрылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда жылына 5-7 тонна балық өндіріледі екен. Өнімдер жергілікті аймақта сатылады. Балықтар шетелден әкелінетін арнайы тағаммен қоректенеді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы жолдардың құрылысымен де танысты. Ол мердігерлердің өкілдерімен бірге төселген асфальттың сапасы стандартқа сәйкес келетіндігін тексерді.
Биыл Қордай ауданында инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде жолдарды жөндеуге шамамен 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 352 шақырым болатын автомобиль жолдары жөндеуден өтпек.